Шәкәрім университеті мен Еге университеті ғылыми ынтымақтастықты дамытады
Шәкәрім университеті делегациясының Түркияға жұмыс сапары Измир қаласындағы Еге университетінде жалғасты. Кездесу барысында екі жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, бірлескен ғылыми және академиялық жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды.
Еге университетінің ректоры, профессор Musa Alcı бастаған ұжым Шәкәрім университетінің делегациясын жылы қабылдады. Кездесу екі елдің білім мен ғылым саласындағы байланыстарын нығайтуға, тәжірибе алмасуға және ортақ ғылыми бастамаларды жүзеге асыруға арналды.
Еге университеті – Түркиядағы зерттеу университеттерінің бірі. Оның құрамында 896 зертхана жұмыс істейді. QS World University Rankings рейтингінде оқу орны 1001–1200 орындар аралығында орналасқан. Университеттің дамыған зерттеу инфрақұрылымы мен халықаралық тәжірибесі екі тарап арасындағы ғылыми серіктестікті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков аграрлық ғылымдар, тағам инженериясы және биоинженерия салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне тоқталып, бірлескен жұмыстың басым бағыттарын ұсынды.
«Біздің университет үшін аграрлық және технологиялық зерттеулердің өзара байланысы маңызды. Мал шаруашылығындағы ғылыми нәтиже азықтандыру, биологиялық қауіпсіздік және өнім сапасы мәселелерімен ұштасады. Ал тағам инженериясы осы өнімді өңдеу, сақтау және тұтынушыға сапалы жеткізу міндеттерін қамтиды. Сондықтан Еге университетімен ынтымақтастықты бірнеше сабақтас бағытта дамытуды ұсынамыз»- деген Думан Рымғалиұлы тағам инженериясы және биоинженерия бойынша ғылыми байланыстарды кеңейтіп, магистранттар мен докторанттардың зертханалық тағылымдамаларын, ғылыми кеңес беруді және бірлескен жарияланымдарды ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласындағы зерттеулер. Бұл ретте Шәкәрім университетінің агротехнопаркі мен аграрлық зерттеу бағыттарын Еге университетінің ауыл шаруашылығы факультеті, зоотехния және сүт технологиясы бөлімдерінің ғылыми әлеуетімен ұштастыру көзделеді. Мал азығы, мал өнімділігі, сүт өнімдерінің сапасы, топырақ пен өсімдік ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері бірлескен зерттеулердің өзегіне айналуы мүмкін.
Академиялық ынтымақтастық аясында оқытушылар мен студенттердің ұтқырлығын дамыту, оқу бағдарламаларының сәйкестігін бағалау, бірлескен білім беру модульдері мен қос диплом бағдарламасын іске асыру мүмкіндіктерін қарастыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар ынтымақтастық гуманитарлық ғылымдар саласын да қамтуы ықтимал. Еге университетінің Түркі дүниесін зерттеу институтымен байланыс орнату арқылы қазақ және түрік әдебиетін салыстырмалы зерттеу, Абай мен Шәкәрім мұрасын халықаралық деңгейде таныту, аударма ісі мен мәдени мұраны ғылыми зерделеу бағыттарында ортақ жобалар жүзеге асыруға жол ашылады. Шет тілдерін оқыту саласындағы оқытушылар арасындағы байланысты дамыту да академиялық серіктестіктің маңызды бөлігі болмақ.
Меморандум екі университет арасындағы ғылыми және білім беру байланыстарын жүйелі түрде дамытуға, зерттеушілердің тәжірибе алмасуына және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз қалайды.