Шәкәрім университеті AIUTA халықаралық қауымдастығына мүше болды
Бүгінде AIUTA қауымдастығы әлемнің 50-ден астам еліндегі жоғары оқу орындарын, білім беру орталықтары мен ғылыми мекемелерді біріктіреді. Ұйымның негізгі мақсаты – өмір бойы білім алу идеясын қолдау, ересектер мен зейнет жасындағы азаматтардың білім деңгейін арттыруға жағдай жасау, сондай-ақ халықаралық деңгейде ғылыми-зерттеу, мәдени және әлеуметтік жобаларды дамыту.
Шәкәрім университетінің осы қауымдастыққа мүшелігі – білім беру жүйесін дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Қазіргі уақытта университет аға буын өкілдеріне арналған білім беру, шығармашылық және әлеуметтік жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді.
Сол жобалардың бірі – Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Silver university» әлеуметтік-танымдық бастамасы. Бұл жоба қоғамның әлеуметтік-мәдени өмірін жандандыруға елеулі үлес қосуда. Жоба аясында егде жастағы адамдарға түрлі бағыттар бойынша курстар, семинарлар, тренингтер және шығармашылық үйірмелер ұйымдастырылады.
Шәкәрім университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Үшінші жас университеттерінің халықаралық қауымдастығының (AIUTA) президенті, профессор Франсуа Велластың Қазақстанға сапары барысында онымен кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Шәкәрім университетінің қауымдастыққа кіруі өңірдегі білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңі болды.
Жаңа мәртебе университетке:
аға буынға арналған білім беру бағдарламаларын жетілдіруге;
«Күміс университет» жобасын кеңейтуге;
әлеуметтік туризм мен мәдени-білім беру бастамаларын дамытуға;
халықаралық тәжірибе алмасу және шетелдік серіктестермен өзара іс-қимылды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бұл қадам университеттің интернационалдандыру стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады және өңірлік, ұлттық әрі халықаралық деңгейде білім беру және әлеуметтік жобаларды нығайтуға ықпал етеді.
Университет басшылығының пікірінше, AIUTA-ға мүшелік – бұл халықаралық деңгейде мойындалу ғана емес, сонымен қатар, білім беруді барынша қолжетімді етуге, заманауи бағдарламаларды енгізуге және әлемдік үрдістерге сай дамуға мүмкіндік береді. Бұл жетістік Шәкәрім университетінің жаһандық білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайтып, өңірдің ғылыми және мәдени дамуына серпін береді.