Мазмұнға өту
Жаңалықтар 13.10.2026 77

Шәкәрім мұрасын зерттеудегі халықаралық әріптестік

Шәкәрім мұрасын зерттеудегі халықаралық әріптестік

12 қазан күні Түркиянің Стамбул қаласында Шәкәрім университеті мен Ислам тарихын, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Келісім Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырмасымен Шәкәрім университетінде 2025–2027 жылдары жүзеге асырылып жатқан BR28712491 «Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани мұрасын әдеби-мәдени, тарихи-этнографиялық, географиялық, лингвистикалық тұрғыдан кешенді зерттеу: цифрлық интеграция және этнотуризм» бағдарламасы аясында жасалды.

Меморандумның негізгі мақсаты – халықаралық академиялық байланысты нығайту, ғылыми тәжірибе алмасу және бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру. Бұл келісім Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани мұрасын тереңірек зерделеуге, тарихи-мәдени деректерді ғылыми айналымға енгізуге және отандық зерттеушілердің халықаралық ғылыми ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ынтымақтастық аясында Қазақстан ғалымдарына 1500 жылдардан бастап Түркиянің алғашқы баспаханаларында жарыққа шыққан еңбектерді, қорында 96 миллион сирек қолжазбасы бар әлемдегі ең ірі IRCICA ҒЗО-ның қолжазбаларын зерттеу арқылы отандық ғылым үшін құнды деректерді анықтауға жол ашылады. Сонымен бірге фотоматериалдармен және тарихи суреттер топтамаларымен жұмыс істеу мүмкіндігі кеңейеді.

Ислам тарихын, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) – 1980 жылы құрылған Ислам ынтымақтастығы ұйымының мамандандырылған мәдени-зерттеу мекемесі. Орталық ислам әлемінің тарихи және мәдени мұрасын зерттеу, сақтау, ғылыми еңбектер жариялау және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру бағытында жұмыс істейді. Оның қызметі мүше мемлекеттер арасындағы ғылыми және мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Шәкәрім университеті мен IRCICA арасындағы меморандум – ұлттық рухани мұраны халықаралық деңгейде зерттеуге, тарихи деректер қорын кеңейтуге және ғылыми байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам.

Шәкәрім мұрасын зерттеудегі халықаралық әріптестік
Шәкәрім мұрасын зерттеудегі халықаралық әріптестік
Шәкәрім мұрасын зерттеудегі халықаралық әріптестік
Шәкәрім мұрасын зерттеудегі халықаралық әріптестік
Шәкәрім мұрасын зерттеудегі халықаралық әріптестік

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру