Жаңалықтар 28.05.2026 114

Рухани мұра және Конституция қағидаттары

Рухани мұра және Конституция қағидаттары

Бүгінгі қоғам үшін рухани тәрбие мен құқықтық сананы қатар дамыту – аса маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта Шәкәрім университетінің білім алушыларына «Тілдік коммуникация» кафедрасының оқытушысы Айзат Мұқатаева «Шәкәрім философиясы және Конституция құндылықтары» тақырыбында ашық дәріс өткізді. Тағылымды кездесудің басты мақсаты – жастардың Конституцияға деген құрмет сезімін арттыру, оларды адамгершілікке, әділет пен адалдыққа тәрбиелеу.

Дәріс барысында Қазақстан Республикасының Ата Заңы – ел тәуелсіздігінің, азаматтық теңдік пен құқықтық мемлекеттің берік негізі екені кеңінен түсіндірілді. Конституция әр азаматтың өмір сүру, білім алу, еңбек ету, сөз бостандығы мен ар-ождан еркіндігі құқықтарын қорғайтыны айтылды. Сонымен қатар ұлтына, тіліне, дініне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, барлық азаматтардың заң алдында тең екені ерекше атап өтілді.

Ұстаз өз сөзінде Шәкәрім философиясы мен Конституция арасында терең рухани үндестік бар екеніне ерекше тоқталды.

«Шәкәрім философиясы мен Конституция арасында көптеген ортақ құндылықтар бар. Екеуінің де негізгі мақсаты – адамды қорғау, әділетті қоғам қалыптастыру. Шәкәрім адамгершілік пен ұжданды жоғары бағаласа, Ата Заң адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау арқылы адам құндылығын бірінші орынға қояды»,- деді Айзат Мұқатаева.

Дәріс аясында Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани мұрасы кеңінен талқыланды. Ойшылдың адам өміріндегі адалдық, ар-ұждан, әділет, мейірім сынды қасиеттерді ең биік құндылық деп бағалағаны айтылды. Бұл қағидалар бүгінгі құқықтық мемлекет құндылықтарымен де сабақтасып жатыр.

Сонымен қатар білім алушылар Конституциядағы негізгі құқықтар мен бостандықтар туралы мағлұмат алып, олардың демократиялық қоғамның тірегі екеніне көз жеткізді. Әсіресе Шәкәрімнің «Әділет», «Адалдық», «Ар-ұждан», «Адамгершілік» идеяларының Ата Заң мазмұнымен байланысы жан-жақты түсіндірілді. Өйткені екі құндылықтың да түпкі мақсаты – әділетті қоғам қалыптастыру.

Ашық дәрісте Шәкәрім идеяларының қазіргі қоғамдағы маңызы да кеңінен қозғалды.

«Шәкәрім Құдайбердіұлы философиясы адамгершілік пен әділетке негізделген. Ал Ата Заң – еліміздің құқықтық тірегі. Шәкәрімнің рухани құндылықтары Конституциядағы адам құқықтары мен бостандықтарымен үндеседі. Сондықтан әр азамат заңды құрметтеп, адал өмір сүріп, ел дамуына үлес қосуы керек»,- деді оқытушы дәріс барысында.

Ерекше атап өтерлігі, ашық дәріс барысында жасанды интеллект технологиялары да қолданылды. Бұл білім беру үдерісінде заманауи цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы жастардың қызығушылығын арттырып, тақырыпты тереңірек меңгеруге жол ашты.

Рухани мұра және Конституция қағидаттары
Рухани мұра және Конституция қағидаттары
Рухани мұра және Конституция қағидаттары
Рухани мұра және Конституция қағидаттары
Рухани мұра және Конституция қағидаттары
Рухани мұра және Конституция қағидаттары

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру