Референдум – ел болашағының негізі
Shakarim University қабырғасында «Референдум – ел болашағын айқындайтын маңызды қадам» тақырыбында мазмұнды дөңгелек үстел отырысы өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – 15 наурызда өтетін республикалық референдум аясындағы конституциялық реформалардың мәні мен маңызын жан-жақты талқылау, оның қоғам өміріндегі орнын түсіндіру және оқытушылар мен қызметкерлердің азаматтық белсенділігін арттыру болды.
Келелі жиынды Тілдік коммуникация кафедрасының меңгерушісі Майра Ибраемова ашып, Ата Заңның мемлекет өміріндегі айрықша рөліне тоқталды.
– Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, мемлекет пен қоғамды тоғыстыратын, олардың өзара келісімін айқындайтын, тарихи дамудың бағдарын белгілейтін негізгі заң. Бүгінгі басқосудың мақсаты – ұсынылып отырған конституциялық реформаларға қатысты ой-пікірлеріңізді ортаға салып, ашық пікір алмасу,- деді ол.
Дөңгелек үстелге университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, құқықтанушылар, саясаттанушылар, тарихшылар қатысты. Жиын барысында Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың әр тармағына жіті назар аударылып, олардың елдің саяси жүйесін жетілдірудегі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтудегі ықпалы кеңінен сараланды.
Социологиялық талдау орталығының координаторы, құқықтанушы Нәзигүл Газизова жаңа Ата Заң жобасындағы өзгерістерге жан-жақты тоқталды. Ол референдумның демократиялық қоғамдағы орны мен маңызын атап өтіп, оның халық еркін білдірудің ең жоғары формасы екенін айтты. Ұсынылып отырған реформалардың мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейтуге бағытталғанын ерекше атап көрсетті.
Пікір алмасу барысында қатысушылар тарапынан көптеген сауалдар қойылып, мазмұнды талқылаулар өрбіді. Қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерге тұшымды жауап алып, референдумның ел болашағы үшін стратегиялық маңызын тереңірек түсінді.
Shakarim University ұйымдастырған бұл дөңгелек үстел референдум алдындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызды бөлігі болды деуге толық негіз бар. Мұндай кездесулер әр адамның елдегі саяси үдерістерге бейжай қарамай, дұрыс шешім қабылдауына жол ашады. Сондықтан оған жауапкершілікпен қарау – саналы қоғамның айқын белгісі.