40 жылдан соң: тағылымға толы жылдар мен жолдар
Олар университеттің бас ғимаратының алдына жиналды. Түс ауған шақ. Жазғы аптап табаға салғандай шыжғырып тұр. Алайда олар асығып тарамады. Таныс қабырғаларға үнсіз көз тігіп, осы жерден қырық жыл бұрынғы өз бейнелерін іздегендей...
Бүгінде олар – өмірден өз орнын тапқан, елге еңбегі сіңген азаматтар. Арттарында ондаған жылдық еңбек жолы, отбасы, бала-шаға, немере, маңдай термен келген мамандық, мол тәжірибе мен талай сынақ бар.
Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялық институтының 1986 жылғы түлектері өздері білім алған қара шаңырақтың қабырғасында қайта бас қосты. Бүгінде сол оқу орнының тарихын Шәкәрім университеті жалғастырып келеді.
Қырық жыл ішінде көп нәрсе өзгерді. Университет заманауи зерттеу орталығына айналды. Ғимараттар жаңарды, зертханалар мен құрал-жабдықтар өзгерді, білім беру бағдарламалары заман талабына сай жаңғырды.
Ал өзгермегені – студенттік шақтың ыстық естелігі, ұстаздарға деген алғыс сезімі және сонау жылдары өздерінің кәсіби жолына бағыт-бағдар берген жандарға деген құрмет.
Көптеген түлектер үшін сондай Ұстаздың бірі әрі бірегейі – техника ғылымдарының докторы, Shakarim University профессоры Құмарбек Жүнісбекұлы Әмірханов.
Біздің өтінішіміз бойынша басқосуға жиналған түлектер қырық жыл бұрынғы сәттерден сыр шертіп, өз естеліктерімен бөлісті.
Құмарбек ӘМІРХАНОВ, техника ғылымдарының докторы, Shakarim University профессоры:
«Нағыз ұстаз шәкіртінен үйренуді ешқашан тоқтатпайды»
Қырық жыл өтіпті. Осыншама уақыттан кейін өз шәкірттеріңе қарап тұрып, ұстаз еңбегінің соңғы дәріспен, емтиханмен немесе диплом табыстау рәсімімен аяқталмайтынын түсінесің. Ұстаз еңбегі өзі білім берген шәкірттерінің тағдыры арқылы өмір бойы жалғасып жатады.
Мен 1986 жылы Семей ет және сүт өнеркәсібінің технологиялық институтын тәмамдаған түлектер туралы айтып отырмын. Олардың кәсіби жолы дәл осы жерден басталған еді. Арада қырық жыл өткенде сол жол оларды қайтадан өздерінің қара шаңырағының табалдырығына алып келді.
Бүгінде сол түлектердің қатарында:
техника ғылымдарының докторы, Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Жұматай Уразбаев; техника ғылымдарының докторы, «Euroasia Transit Group» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Серік Уәлиев; «Шығыс Мұнай Өнімдері» ЖШС директоры Хошкен Қуанбаев; «PetroKazakhstan» ЖШС директоры Бермағанбет Қожахаев; «Авантаж Ойл» ЖШС бас директоры Әділ Аймақов; Ресейдегі ағынды суларды биологиялық тазарту жүйелерін өндіретін кәсіпорынның директоры Александр Петров және тағы да басқа азаматтар бар.
Біз небәрі бірнеше есімді атап өттік. Ал бұл есімдердің ар жағында Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосып жүрген ондаған кәсіпорын басшысы, ғалым, инженер, технолог және білікті маман тұр.
Ресейде де өз кәсібін дөңгелетіп, еңбек етіп жүрген түлектер бар. Солардың қатарында Барнаул қаласындағы кәсіпкер Сергей Иванов, Новокузнецк металлургия комбинатында ауа баптау жүйелерінің инженері болып еңбек ететін Сергей Поляков және тағы басқалар бар.
Университет адамдарды біріктіретін мекеме болған және солай болып қала береді.
Осы кездесудің өтуіне бастамашы болған азаматтарға да айрықша алғыс айтқым келеді. Олар – Қайрат Смағұлов, Ерғали Байылдинов, Аслан Диканбаев, Хошкен Қуанбаев. Аталған азаматтардың бастамасы мен табандылығының арқасында институт қабырғасында бірге оқыған жандар қырық жылдан кейін қайта қауышты.
«Ұстаз шәкіртке білім береді» деп айту қалыптасқан. Бұл – рас. Бірақ мұның тағы бір ақиқаты бар: осы жылдар ішінде шәкірттер де бізге – ұстаздарына көп нәрсе үйретті.
Олар бізге ұстаздың ең үлкен жетістігі диплом саны немесе ғылыми атақпен ғана өлшенбейтінін ұқтырды. Ұстаз еңбегінің шынайы нәтижесі – оның алдынан түлеп ұшқан шәкірттерінің қандай адам болғанымен өлшенеді. Сондықтан қырық жылдан кейін біз шәкірттерімізбен ұстаз бен студент ретінде емес, әріптес ретінде сөйлесіп отырмыз. Ұстаз үшін бұдан асқан марапат бар ма?!
Осы жылдар ішінде қаншама нәрсе өзгерді. Университеттің атауы да, ғимараттары да, зертханалары мен құрал-жабдықтары да, білім беру бағдарламалары да жаңарды.
Бүгінде Шәкәрім университеті заманауи зерттеу университетіне айналып келеді.
Мен үшін бұл жолдың ерекше мәні бар. Өйткені Семей ет және сүт өнеркәсібінің технологиялық институтынан бүгінгі заманауи Шәкәрім университетіне дейінгі ұзақ жолды осы оқу орнымен бірге жүріп өттім.
Бірақ уақыт қанша өзгерсе де, өзгермейтін құндылықтар бар. Олар – ізденімпаздық, іске деген жауапкершілік, еңбекке, адамға және өз ұстазына деген құрмет. Сондықтан қырық жылдан кейінгі бұл кездесу мені ерекше толқытты. Олар университеттің бүгінде қандай болғанын көру үшін ғана келген жоқ, олар өз үйіне оралды.
Көп ұзамай осы табалдырықтан студенттердің жаңа буыны аттайды. Оларды мүлде басқа Қазақстанда өмір сүріп, еңбек ету жолы күтіп тұр. Технологиясы дамыған, цифрлық экономикасы қалыптасқан, терең өңдеуге, жаһандық бәсекеге бағытталған жаңа дәуірдің жастары келеді. Мен олардың да бір күні – жиырма, отыз, бәлкім қырық жылдан кейін – осы жерге қайта оралатынына сенемін. Өйткені әр адамның өз тарихы басталатын мекені болады. Ал университет – сол тарихтың алғашқы тарауы жазылатын қасиетті шаңырақ.
Университетті ғимарат емес, адамдары өміршең етеді. Ал адам бар жерде – өткеннің естелігі, бүгіннің тағылымы бар.
Кеше басталған тарих бүгін жалғасып, ертеңге ұласа береді.