Қазақ бейнелеу өнерінің тағылымы насихатталды
Шәкәрім университеті мен Абай өңірлік Дизайнерлер одағының ұйымдастыруымен «Шоқанның ізімен» республикалық шығармашылық семинар-практикумы өтті. Тағылымды іс-шара қазақ бейнелеу өнерінің тарихы мен бүгінгі даму үдерісін сабақтастырып, жас суретшілер мен дизайнерлерге шығармашылық серпін сыйлады.
Семинар-практикумға КСРО Суретшілер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер академиясының және Қытай Халық Республикасындағы «Ханьшань» педагогикалық институтының профессоры Кәміл Муллашев, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, академик Төлеуғазы Байғалиев, Мәдениет саласының үздігі Гүлмарал Тәттібай, Мәдениет саласының үздігі Наталья Лигай, Дизайнерлер одағы Басқарма төрағасы, өнертанушы Манас Әбдікәрімов секілді өнер мен дизайн саласының көрнекті өкілдері қатысты.
Қонақтарды университеттің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов таныстырып, қазақтың ұлы ғалымы, этнограф, саяхатшы әрі суретші Шоқан Уәлиханов мұрасының ұлттық мәдениет пен бейнелеу өнеріндегі орнына ерекше тоқталды. Проректор өз сөзінде өнертанушы ғалымдардың еңбектерінде қазақ графика өнерінің бастау кезеңі дәл Шоқан Уәлихановтың ғылыми-саяхаттық экспедицияларымен сабақтастырылатынын атап өтті. Ғалымның жүз елуге жуық еңбегі мен көркем мұралары бүгінгі күні де ғылыми және мәдени зерттеулердің маңызды өзегіне айналып отыр.
Семинар қонақтарының бірі – Кәміл Валиахмедұлы Муллашев – қазіргі заманғы бейнелеу өнерінің аса көрнекті шеберлерінің бірі. Оның шығармашылығы терең философиялық мазмұнымен және адамзаттық құндылықтарды арқау етуімен ерекшеленеді. Суретшінің туындылары адам өмірінің мәні, руханият, ұлттық сана және мәдени сабақтастық мәселелерін қозғайды. Оның көркемдік стилі реалистік бағыттан сәндік және абстрактілі-бейзаттық шешімдерге дейін кең өріс алып, әрбір шығармасынан жаңашылдық пен сарқылмас шығармашылық қуат байқалады.
Ұлттық өнер мен рухани мұраны ұлықтаған тағылымды семинар аясында қатысушылар назарына Кәміл Муллашевтың 2024 жылы Италияның Флоренция қаласында өткен көрмесі туралы бейнебаян ұсынылды. Суретші шығармаларларының негізгі идеясы – адам өмірінің құндылығы мен руханияты. Шебердің мыңнан астам картинасы бар. Кескіндеме шебері шығармашылықтың терең табиғаты жөнінде ой бөлісіп, қазіргі әлемдік өнердегі өзгерістерге тоқталды. Ол өз сөзінде:
«Қазіргі таңда әлемдік көркемөнерде қолмен салынған шынайы еңбектер азайып барады. Жалпы, қазақтың сурет өнері ұлттық құндылықтармен тамырлас. Өнер – адамның жан дүниесімен егіз ұғым. Мен сурет салмай тұра алмаймын. Таланттың бір пайызы ғана табиғаттан берілсе, қалғанына үздіксіз еңбек пен ізденіс арқылы қол жеткізесің деген қағида бар. Шабыт та еңбек арқылы келеді»- деп шығармашылық жолдағы табандылықтың маңызын ерекше атап өтті.
Шебер суретші өнердегі сұлулықты көру қабілеті суреткердің ішкі дүниесі мен ізденісіне байланысты екенін айтып, жастарды терең ойлауға, ұлттық бояуды жоғалтпауға шақырды.
Төлеуғазы Баяндыұлының шығармашылығындағы негізгі тақырыптар – табиғат пен қала көріністері. Ол туған өлкенің сұлулығын, табиғаттың сан алуан құбылыстарын ерекше сезімталдықпен бейнелейді. Суретшінің туындыларында туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық рух пен табиғаттың көркем келбеті терең көрініс тапқан. Кездесу барысында суретші студенттер мен оқытушыларды өзінің шығармашылық жолымен, көркемдік ізденістерімен таныстырып, кәсіби тәжірибесімен бөлісті.
Наталья Лигай мен Гүлмарал Тәттібаева инсталляция, цифрлық өнер, бейнеөнер, перформанс, графика және дыбыстық өнер бағыттарында жұмыс істейтін заманауи суретшілер ретінде танымал. Кездесу барысында олар саунд-суретші Ақмарал Мергенмен бірлесіп жүзеге асырған «Dybys» дыбыстық инсталляциясы туралы баяндады. Жоба тұяқ дүбірі, жылқы шабысы, желдің үні мен ұлы даланың тынысын жеткізетін дыбыстар арқылы Қазақстанның ерекше акустикалық кеңістігін халықаралық өнер алаңында таныстыруға бағытталған.
Суретшілер өз шығармаларында қазақ халқының мәдени мұрасы мен ұлттық дүниетанымын арқау етіп, заманауи өнер тілі арқылы әлемге танытып жүргендерін атап өтті.
Шығармашылық кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, жастар көкейіндегі сұрақтарына жауап алды. Кездесу қатысушылар үшін шығармашылық тәжірибе алмасуға және заманауи өнердің жаңа бағыттарымен танысуға мүмкіндік берді.
Дизайнерлер одағының Басқарма төрағасы Манас Әбдікәрімов қонақтарға Алғыс хаттар табыс етті.
«Шоқанның ізімен» тағылымды кездесуі жас суретшілер мен дизайнерлердің ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби дамуына жаңа серпін берді.
Ертең бейнелеу өнері шеберлерінің қатысуымен шығармашылық пленэр ұйымдастырылады.