Қаржылық сауаттылықты Абай ілімімен ұштастырған кітап
Шәкәрім университетінде елдік мазмұны терең, тағылымдық мәні зор рухани-танымдық кездесу өтті. Экономика ғылымдарының кандидаты, «Тұран-Астана» университетінің қауымдастырылған профессоры Бауыржан Мұратбекұлы Искаковтың «Балаңның бойындағы қаржылық алыпты оят: Абай ілімі арқылы» кітабының тұсаукесері туған жер төсінде ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, білім саласының басшылары, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттер қатысты. Кеш қонақтары қатарында Абай облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан, экономика ғылымдарының кандидаты, Тұран-Астана университеті Бизнес әкімшілік кафедрасының доценті Тілеуберді Бабланов, Alikhan Bokeikhanov University ректоры Александр Койчубаев, сондай-ақ автордың мектептегі ұстазы Қайнарбек Матеев т.б. болды.
Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков қатысушыларға кітап авторын таныстырып, Бауыржан Мұратбекұлының экономика және қаржы саласындағы іргелі еңбектердің авторы ғана емес, жас ғалымдарға бағыт-бағдар беріп жүрген тәжірибелі ұстаз екенін атап өтті. Сонымен бірге, оның қаржылық сауаттылықты насихаттау жолындағы белсенділігі мен ел алдындағы еңбегі ерекше екеніне тоқталды.
Кітап авторы өз сөзінде қазіргі экономиканың күрделі үдерістеріне тоқталып, инфляция, импортқа тәуелділік және экономиканы әртараптандыру мәселелерін кеңінен түсіндірді. Оның айтуынша, шикізатқа негізделген экономика ұзақ мерзімде тұрақты даму әкелмейді. Сондықтан мемлекет үшін де, жеке адам үшін де қаржылық сауаттылық – табысты болашақтың негізгі кепілі.
Осы тұста автор қазақтың ұлы ойшылы Абайдың қарасөздеріндегі терең философиялық ойларды мысалға келтіріп, адамның өзін-өзі бақылауы мен есеп беру мәдениеті қаржылық тәртіптің негізі екенін жеткізді. Ол дала данышпанының «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал» деген ілімін қаржы әлеміне де қолдануға болатынын атап өтті.
Бауыржан Мұратбекұлының бұл тың туындысы – жас ұрпаққа арналған мотивациялық еңбек. Онда қаржыны дұрыс жоспарлау, үнемдеу, жинақтау және инвестициялау сияқты маңызды дағдылар қарапайым тілмен, өмірлік мысалдар арқылы түсіндіріледі. Автор Абай іліміндегі адамгершілік, табандылық, еңбекқорлық қағидаларын негізге ала отырып, баланың қаржыға деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру жолдарын ұсынады.
Бұл еңбек тек экономикалық білім берумен шектелмейді. Ол – тұлғалық даму мен саналы өмір сүрудің негіздерін қамтитын, рухани және тәжірибелік мазмұны үйлескен туынды. Кітап оқырманды табысқа жетудің басты шарты – жүйелі әрекет пен тұрақты еңбек екенін ұғынуға жетелейді.
Кездесу барысында қатысушылар авторға өз сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты. Ашық диалог форматында өткен бұл жиын көпшілік үшін пайдалы әрі мазмұнды болды.
Тұсаукесер рәсімі тек жаңа кітаптың таныстырылымы ғана емес, ұлттық руханият пен заманауи қаржылық білім тоғысқан тағылымды кешке айналды.