Психологиялық қолдау – әскери ортадағы маңызды ресурс
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Қасым Қайсенов атындағы № 68303 әскери бөлімі мен Шәкәрім университеті арасындағы меморандум аясында әскери қызметшілерге психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған тренинг ұйымдастырылды.
Әскери қызметтің тиімділігі кәсіби даярлықпен қатар, қызметшілердің психологиялық орнықтылығы мен эмоционалдық жағдайына да байланысты. Қызмет барысында күрделі жағдайларда сабыр сақтау, эмоцияны басқару және дұрыс шешім қабылдау маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, әскери қызметшілердің эмоционалдық саулығын нығайту және психологиялық тұрақтылығын арттыру – кәсіби даярлықтың маңызды құрамдас бөлігі.
Университеттің үшінші миссиясы аясында жүзеге асырылған бастаманың мақсаты – әскери ортадағы психологиялық қауіпсіздікті нығайту, күйзеліс пен эмоционалдық қысымның алдын алу, сондай-ақ, өзара сенім мен психологиялық қолдау мәдениетін қалыптастыру.
Тренинг барысында офицерлерге сарбаздармен тиімді қарым-қатынас орнату, олардың психологиялық жай-күйін түсіну, эмоционалдық қиындықтардың белгілерін дер кезінде анықтау және күрделі жағдайларда қолдау көрсету тәсілдері таныстырылды. Сонымен қатар, күйзелісті басқару, ішкі тепе-теңдікті сақтау, психологиялық тұрақтылықты арттыру және шиеленісті жағдайлардың алдын алу бойынша практикалық жаттығулар өткізілді.
Аталған бастама университет пен әскери бөлім арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, психологиялық қолдау тәжірибесін дамытуға және әскери қызметшілердің кәсіби әрі тұлғалық әлеуетін арттыруға бағытталған.