Отбасы, кітап және тәрбие: рухани құндылықтар үндестігі
Шәкәрім университетінде Ұлттық кітап күніне орай «Рухани және адамгершілік тәрбиенің маңызды бөлігі ретінде отбасылық кітап оқу» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Іс-шараның басты мақсаты — жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту, сондай-ақ ұлттық құндылықтар арқылы адамгершілік қасиеттерді дәріптеу болды. Бұл басқосу қазіргі цифрландыру дәуірінде кітаптың, әсіресе отбасылық кітап оқудың маңызын қайта зерделеуге мүмкіндік берді.
Дөңгелек үстел барысында Тілдік коммуникация кафедрасының психология ғылымдарының кандидаты, қауымдасқан профессор Оксана Геннадьевна Беленко «Отбасылық құндылықтарды қалыптастырудағы ерте эмоционалдық қатынастың рөлі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Ол өз сөзінде отбасындағы сыйластық, махаббат пен мейірімділіктің бала тәрбиесіндегі шешуші рөлін атап өтті. Әсіресе, ата-ананың бала өміріндегі орны мен жауапкершілігіне тоқталып, ерте жаста қалыптасатын эмоционалдық байланыстың тұлғаның дамуына тікелей әсер ететінін ғылыми тұрғыда түсіндірді.
Сонымен қатар, Оксана Геннадьевна ХХ ғасырдың ортасындағы ғалымдардың «Сүйіспеншілік табиғаты» теориясы бойынша жүргізген зерттеулеріне тоқталды. Атап айтқанда, адам сүйіспеншілігінің табиғатын ғылыми тұрғыдан зерттеген, «Сүйіспеншілік тек тамақтану қажеттілігінен (биологиялық қажеттілік) туындайды» деген сол кездегі басым көзқарасты жоққа шығарған алғашқы психологтардың бірі, америкалық зерттеуші Гарри Харлоудың тәжірибелерін мысалға келтіріп, аналық мейірім мен эмоционалдық жақындықтың бала психологиясындағы маңызын ашып көрсетті. Ғалымның бенгал макакасына жүргізген тәжірибесі арқылы қарым-қатынас пен жылулықтың кез келген материалдық қажеттіліктен маңыздырақ екені дәлелденгені айтылды. Бұл мысалдар ата-ана мен бала арасындағы рухани байланыстың орны бөлек екенін тағы бір мәрте айқындады.
Іс-шараға Тамақ инженериясы зерттеу мектебінің және Физика және химия ғылымдарының зерттеу мектебінің студенттері белсенді түрде қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Студенттер «Қазақ ұлттық тәрбиесі», «Қазақ отбасы тәрбиесі», «Отбасылық кітап оқу», «Күнделікті кітап оқудың тигізетін пайдасы», «Цифрландыру дәуіріндегі баспасөздің күші», «23 сәуір – Ұлттық кітап күні», «Қабдеш Жұмаділов және оның “Тағдыр” романы» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады.
Баяндамалар барысында қазақ отбасындағы ұлттық құндылықтарға негізделген тәлім-тәрбиенің ерекшеліктері, ұрпақтар сабақтастығы, сондай-ақ кітап оқу арқылы тұлғаның рухани дамуын қалыптастыру секілді маңызды мәселелер айтылды. Студенттер өз көзқарастарын еркін жеткізіп, кітаптың адам өміріндегі орны мен маңызы туралы терең ой қозғады.
Іс-шара соңында ғылым жөніндегі проректор Жанар Қалибекқызы университеттің қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жүрген студенттерге алғыс хаттар табыс етті. Ал ұйымдастырушы, педагогика ғылымдарының магистрі Г. Мамаева қатысушыларға ризашылығын білдіріп, мұндай тағылымды кездесулердің алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
Бұл дөңгелек үстел – кітап тек білімнің көзі ғана емес, отбасы ішіндегі рухани байланысты нығайтатын маңызды құрал екенін көрсеткен мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор іс-шара болды.