Ортақ мақсат, ортақ іс - Түркия университеттерімен серіктестік жалғасуда
Кеше Түркия Республикасының Стамбул қаласында Шәкәрім университеті мен Стамбул Айдын университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтуға, білім алушылар мен оқытушылардың тәжірибе алмасуына, бірлескен зерттеулер мен мәдени-гуманитарлық бастамаларды дамытуға бағытталған.
Стамбул Айдын университеті – білім беруді практикалық даярлықпен ұштастырып, халықаралық ынтымақтастыққа және инновациялық жобаларға басымдық беретін жоғары оқу орны. QS World University Rankings 2026 рейтингінде 1201–1400 орындар аралығында орналасқан университетте шамамен 52 мың студент білім алады. Олардың 12,5 мыңнан астамы – шетелдік білім алушылар. Университет құрамындағы 14 факультет, 2 кәсіптік мектеп және 36 ғылыми-зерттеу орталығы білім мен ғылымның түрлі бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар әлемнің 660-тан астам университетімен халықаралық байланыс орнатқан.
Инженерия, цифрлық технологиялар, тағам инженериясы, педагогика, психология және гуманитарлық ғылымдар – екі университеттің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін басым бағыттар. Стамбул Айдын университетінің инженерлік білім беруге арналған профессор Азиз Санджар атындағы технологиялық орталығы, тағам, компьютер және тіл зертханалары, сондай-ақ технологиялар трансфері мен жобаларды басқару кеңсесі бірлескен ғылыми-зерттеу және қолданбалы жобаларды жүзеге асыруға қолайлы негіз қалыптастырады.
Меморандум аясында студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, магистранттар мен докторанттардың ғылыми тағылымдамаларын ұйымдастыру, бірлескен зерттеулер жүргізу және білім беру бағдарламаларын жетілдіру көзделген. Атап айтқанда, тағамды өңдеу мен сақтау технологиялары, инженерлік шешімдер, цифрлық технологиялар және білім беру зерттеулері бойынша ортақ ғылыми тақырыптарды айқындап, зерттеу топтарының ынтымақтастығын жолға қоюға мүмкіндік бар.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – екі халықтың ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және халықаралық деңгейде таныту. Осы ретте Абай мен Шәкәрімнің рухани мұрасын зерделеу, қазақ-түрік әдеби байланыстарын дамыту, әдеби және ғылыми еңбектерді аудару, әдебиет, тарих пен философия салаларындағы ғалымдардың тәжірибе алмасуы ерекше мәнге ие. Шәкәрім университетінде жүзеге асырылып жатқан «Шәкәрім мұрасын кешенді зерттеу» жобасы да осы бағыттағы ғылыми байланыстарды тереңдетуге жол ашады.
Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков Стамбул Айдын университетінің ректоры Ибрахим Хаккы Айдын (İbrahim Hakkı AYDIN) мен университет ұжымына делегацияны жылы қабылдап, кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Өз сөзінде ол екі ел арасындағы тарихи және мәдени жақындықты білім мен ғылым саласындағы нақты бастамалар арқылы дамыту қажеттігін атап өтті.
«Қазақ пен түрік – түбі бір түркі халықтары. Бізді ортақ тарихи тамыр, тілдік жақындық, мәдени мұра және бауырластық сезім байланыстырады. Қазақстан мен Түркия арасындағы достықты университеттер деңгейінде дамыту – осы жақындықты келесі ұрпаққа жеткізудің нақты жолы. Ортақ рухани негізіміз жастардың бірге білім алуына, ғалымдардың бірге зерттеу жүргізуіне және жаңа идеяларды бірге жүзеге асыруына ұласуы қажет»- дей келіп, Стамбул Айдын университетінің практикалық даярлық, халықаралық академиялық байланыстар және инновациялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы тәжірибесіне тоқталып, екі жоғары оқу орны арасында тағам инженериясы, цифрлық технологиялар, педагогика, тілдер мен аударма және гуманитарлық зерттеулер салаларында өзара тиімді әріптестік орнайтынына сенім білдірді.
Ректор атап өткендей, академиялық ұтқырлық – әріптестіктің негізгі бағыттарының бірі. Студенттер мен оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуы білім беру сапасын арттыруға, кәсіби құзыреттерді дамытуға және халықаралық академиялық ортадағы байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді. Ал магистранттар мен докторанттардың ғылыми тағылымдамалары зерттеу әдістерін меңгеруге, ғылыми деректерді талдауға және бірлескен жарияланымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Екі университеттің ортақ мүддесі – білім беру мен ғылымдағы тәжірибені ұштастырып қана қоймай, тарихи-мәдени сабақтастықты жаңа буынның зияткерлік және рухани дамуына қызмет ететін нақты жобаларға айналдыру. Бұл бағытта бірлескен ғылыми зерттеулер, аударма бастамалары, академиялық алмасу бағдарламалары мен халықаралық білім беру жобалары өзара ынтымақтастықтың мазмұнын байыта түспек.
Меморандумға қол қою – екі жоғары оқу орны арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға бағытталған маңызды қадам. Ортақ мақсат пен өзара мүддеге негізделген бұл келісім Шәкәрім университеті мен Стамбул Айдын университетінің білім, ғылым және мәдениет салаларындағы байланыстарын жаңа деңгейге көтеруге негіз қалайды.