Мазмұнға өту
Жаңалықтар 15.10.2026 100

Ортақ ғылыми мүдде — жаңа әріптестік бастамасы

Ортақ ғылыми мүдде — жаңа әріптестік бастамасы

Ветеринариядан биоинженерияға, компьютерлік инженериядан тілдерді оқытуға дейінгі ортақ ғылыми ізденістер Шәкәрім университеті мен Докуз Ейлюль университетінің (Dokuz Eylül University) ғалымдарын бір алаңға жинады. Измирдегі кездесуде профессор Хамди Шүкүр Кылыч бастаған басшылық пен университет ұжымы делегацияны жылы қабылдап, нақты зерттеу тақырыптары мен ұсыныстарды талқылады.

Докуз Ейлюль университеті – Түркиянің ғылыми-зерттеу әлеуеті жоғары оқу орындарының бірі. QS World University Rankings 2027 рейтингінде 1201–1400 аралығында орналасқан университетте зерттеу мен қолданбалы әзірлемелерді дамытуға бағытталған 39 орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар DEPARK технопаркі мен DETTO технологиялар трансфері кеңсесі ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізуге, инновациялық жобаларды дамытуға және академиялық орта мен бизнес арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Бұл мүмкіндіктер Шәкәрім университетімен қолданбалы зерттеулер жүргізуге және ғылыми әзірлемелерді тәжірибеде сынақтан өткізуге жол ашады.

Кездесу барысында Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков қабылдау үшін алғыс білдіріп, екі университет арасындағы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты дамытудың маңызын атап өтті.

«Докуз Ейлуль университетінің көпсалалы құрылымы, зерттеу университеті ретіндегі тәжірибесі және халықаралық байланыстары біз үшін маңызды. Сіздердің ғылыми топтарыңызбен танысып, қай бағыттарда бірлесіп жұмыс істей алатынымызды талқылағымыз келеді. Бүгінгі кездесу екі университеттің мамандарын байланыстырып, ортақ академиялық және ғылыми мүдделерімізді анықтауға жол ашады деп сенемін»- деді Думан Рымғалиұлы.

Кеңейтілген кездесуде ветеринариялық медицина, зоотехния, биотехнология, биоинженерия, компьютерлік инженерия, шет тілдерін оқыту және аударма ісі салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қарастырылды. Тараптар әр бағыттың ғылыми әлеуетін талқылап, зерттеушілер арасындағы байланысты нығайтуға және ортақ қызығушылық тудыратын тақырыптарды нақтылауға басымдық берді.

Атап айтсақ, Шәкәрім университетінің агротехнопаркі мен ветеринария саласындағы мамандары үшін Докуз Ейлюль университетінің ветеринария факультетімен тәжірибе алмасу маңызды. Атап айтқанда, жануарларды азықтандыру, мал азығының құрамы мен сапасын талдау, селекция, мал өнімділігін арттыру мәселелері бойынша ортақ зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері зор. Бұл бағыттағы ынтымақтастық ғылыми тәжірибені ұштастыруға және қолданбалы зерттеулердің аясын кеңейтуге негіз бола алады.

Биотехнология мен биоинженерия салаларында да бірлескен жұмысқа қызығушылық білдірілді. Тараптар осы бағыттарда зерттеу жүргізетін ғылыми топтармен байланыс орнатып, олардың зерттеу тақырыптары мен зертханалық мүмкіндіктері туралы ақпарат алмасудың маңызын атап өтті.

Компьютерлік инженерия бағытында да өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар екені айтылды. Бұл бағыттағы нақты ынтымақтастық тақырыптарын айқындау үшін тиісті кафедралар мен зерттеушілер арасында тікелей байланыс орнату қажеттігі сөз болды.

Академиялық ынтымақтастықты дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Тараптар оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын қолдау, онлайн семинарлар мен дәрістер өткізу, қысқа мерзімді ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру сияқты бастапқы қадамдарды талқылады.

Гуманитарлық ғылымдар саласында қазақ-түрік әдеби және мәдени байланыстарын зерттеу перспективалары қарастырылды. Семей қаласының Абай мен Шәкәрім мұрасымен тығыз сабақтастығы бұл бағыттағы ғылыми диалогқа ерекше мазмұн береді. Осы орайда Докуз Ейлюль университетінің түрік тілі мен әдебиеті, салыстырмалы әдебиеттану және Түркі дүниесін зерттеу салаларындағы мамандарымен бірлесіп, Абай мен Шәкәрім шығармашылығын, қазақ-түрік әдеби байланыстарын және ортақ мәдени мұраны зерттеу мәселелерін талқылау мүмкіндіктері ұсынылды.

Кездесудің басты нәтижесі — екі университет ғалымдары арасында тікелей кәсіби байланыс орнатылып, бірлескен жұмыстың ықтимал бағыттарының айқындалуы. Тараптар ғылыми ақпарат алмасуды жалғастыруға уағдаласты. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімдері қашықтан жүзеге асырылуда.

Түркияға жасалған сапар Шәкәрім университетінің халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейту жолындағы маңызды қадам болды. Докуз Ейлюль университетімен орнаған кәсіби диалог бірлескен зерттеулерді дамытуға, ғалымдардың тәжірибесін ұштастыруға және студенттер мен жас зерттеушілер үшін жаңа академиялық мүмкіндіктер қалыптастыруға негіз қалайды.

Ортақ ғылыми мүдде — жаңа әріптестік бастамасы
Ортақ ғылыми мүдде — жаңа әріптестік бастамасы
Ортақ ғылыми мүдде — жаңа әріптестік бастамасы
Ортақ ғылыми мүдде — жаңа әріптестік бастамасы
Ортақ ғылыми мүдде — жаңа әріптестік бастамасы

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру