Өмір бойы білім алудың жарқын үлгісі
Шәкәрім университетінде «Күміс университет» жобасы аясында түрік тілі курсын аяқтаған тыңдаушыларға сертификаттар табысталды. Салтанатты жиын барысында орта жас пен егде жастағы қатысушылардың білімге деген құштарлығы мен жаңа дүниені үйренуге деген ынтасы ерекше атап өтілді.
Бүгінде курс тыңдаушылары түрік тілін меңгерудің А2 және В1 деңгейлерін сәтті аяқтап отыр. Бірнеше ай бойы жүйелі түрде білім алған қатысушылар тіл үйрену арқылы өздерінің таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, жаңа орта қалыптастырып, өзара рухани байланыстарын да нығайтты.
Курс тыңдаушыларының қатарында ұзақ жылдар бойы Шәкәрім университетінде математика пәнінен дәріс берген ардагер ұстаз Илия Рахимбердинова да бар. Ол білім алудың ешқашан да кеш емес екенін, тіл үйренудің адамды үнемі ізденісте ұстап, ой-өрісті кеңейтетінін атап өтті. Қатысушылардың басым бөлігі үшін бұл курс тек шет тілін меңгеру мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар белсенді өмір салтын жалғастырып, жаңа мақсаттарға ұмтылуға берілген мүмкіндік болғаны қуантады.
Сертификат табыстау рәсімінде тыңдаушылар курс барысында алған әсерлерімен бөлісіп, түрік тілінен сабақ берген «Шет және орыс тілдері» кафедрасының оқытушысы Айгүл Түрікпеноваға шынайы алғыстарын білдірді. Ерекшелігі сол, олар өз ризашылықтарын түрік тілінде жеткізіп, курс барысында игерген білімдерін іс жүзінде көрсетті. Бұл сәт жиынға қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, жылы атмосфера қалыптастырды.
Айта кетейік, «Күміс университет» жобасы аясында егде жастағы азаматтарға түрлі бағыт бойынша білім алу мүмкіндігі жасалып келеді. Мұндай бастамалар аға буынның белсенділігін арттырып қана қоймай, өмір бойы білім алу қағидатын насихаттауға да үлкен үлес қосуда. Аға буынның білімге деген ынтасы көпке үлгі.