Мичиган штаты университетінің профессоры дәріс оқыды
Шәкәрім университетінде жас ғалымдар мен PhD докторанттарға арналған халықаралық дәріс өтті. Дәрісті BR24992914 «Лигноцеллюлозалық қосалқы өнімдердің құндылығын арттыруға бағытталған құны жоғарылатылған өнімдерді өндірудің кешенді биотехнологиялық шешімдері» ғылыми бағдарламасы аясында университетке келген Мичиган штаты университетінің (Michigan State University) профессоры Wei Liao оқыды.
Дәріс «Жасанды интеллект және жаңартылатын энергия мен қоршаған ортаның тұрақтылығына арналған инженерлік және ғылыми қағидаттар» (Artificial Intelligence and Engineering & Scientific Principles for Renewable Energy and Environmental Sustainability) тақырыбына арналды.
Кездесу барысында жасанды интеллект технологияларын жаңартылатын энергетика мен экологиялық инженерияда қолдану мүмкіндіктері, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру, энергетикалық жүйелерді оңтайландыру және қоршаған ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етудің инновациялық шешімдері қарастырылды.
Сонымен қатар биоэнергетиканы дамыту, органикалық қалдықтарды тиімді өңдеу, ресурстарды ұтымды пайдалану және тұрақты даму қағидаттарына негізделген заманауи технологияларды жетілдіру мәселелеріне назар аударылды.
Дәріс соңында қатысушылар профессор Wei Liao-мен пікір алмасып, жасанды интеллект, жаңартылатын энергия және экологиялық тұрақтылық бағыттарындағы зерттеулердің өзекті мәселелерін талқылады.
Мұндай ғылыми кездесулер халықаралық академиялық байланысты нығайтуға, жас зерттеушілердің кәсіби әлеуетін арттыруға және әлемдік ғылыми тәжірибені игеруіне мүмкіндік береді. Shakarim University халықаралық ынтымақтастықты дамыту және жас ғалымдарды қолдау бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.