Конституциялық Сот өкілдері Шәкәрім университетінде дәріс оқыды
Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының құрметті мүшесі, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Еркін Әнуарұлы Оңғарбаев пен Конституциялық сот аппаратының талдау және конституциялық іс жүргізу бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әсет Оралғазыұлы Балғынтаев Шәкәрім университетіне арнайы іссапармен келді.
Іссапар аясында университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, жас ғалымдары, қызметкерлері мен білім алушыларының қатысуымен маңызды танымдық кездесу ұйымдастырылды. Кездесудің басты мақсаты – еліміздегі конституциялық реформалардың мән-маңызын түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және Конституциялық Сот қызметінің қоғамдағы рөлін кеңінен насихаттау.
Құрметті қонақтарды университет ректоры Думан Орынбеков таныстырып, олардың еліміздің құқықтық жүйесін дамытуға, конституциялық реформаларды жүзеге асыруға және заң ғылымының өркендеуіне қосқан зор үлесіне ерекше тоқталды.
Жиын барысында қонақтар «Конституциялық реформа: адам құқығын қорғаудың жаңа тетігі және азаматтық қоғам құрудың мүмкіндіктері» тақырыбында мазмұнды дәріс оқып, елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық өзгерістердің тарихи маңызына тоқталды.
«2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Халық Конституциясының негізгі новеллалары» тақырыбындағы дәрісінде Еркін Әнуарұлы жаңа Конституцияның қоғам өміріндегі рөліне жан-жақты талдау жасады. Ол конституциялық реформалардың мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға, билік тармақтарының теңгерімін қамтамасыз етуге, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, Конституциядағы жаңа нормалардың құқықтық мемлекет қағидаттарын орнықтырудағы маңызына тоқталып, құқықтық мәдениетті қалыптастыру әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін ерекше айтты.
Ал «Конституция және оның үстемдігін қамтамасыз етудегі Конституциялық Соттың рөлі» тақырыбында баяндама жасаған Әсет Балғынтаев Конституциялық Соттың қызметі, конституциялық бақылау тетіктері және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудағы маңызды міндеттері туралы кеңінен баяндады. Ол Конституциялық Соттың заңдардың Ата заңға сәйкестігін қамтамасыз етудегі шешуші институт екенін айтып, құқық үстемдігін қалыптастырудағы сот тәжірибесінің маңызын мысалдар арқылы түсіндірді. Сонымен қатар, азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну мүмкіндіктері мен құқықтық қорғаныс құралдарының кеңейгеніне тоқталды.
Кездесу барысында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, конституциялық реформалардың жүзеге асырылуы, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері және құқықтық мемлекетті дамыту мәселелері жөнінде еркін пікір алмасты.
Жиын соңында Еркін Әнуарұлы Оңғарбаевқа құқықтану ғылымындағы көпжылдық жемісті еңбегі және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен «Шәкәрім университетінің Құрметті профессоры» атағы берілді. Бұл мәртебелі атақ ғалымның елдің құқықтық жүйесін жетілдіру жолындағы еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айғағы.
Іссапар аясында қонақтар университеттің ғылыми білім беру инфрақұрылымымен де танысты. Атап айтқанда, олар Шәкәрім мұражайын аралап, ұлы ойшылдың рухани мұрасы мен тарихи жәдігерлерімен танысты. Сонымен қатар №1 спорт кешенінің материалдық-техникалық базасын көріп, студент жастарға жасалған мүмкіндіктерге жоғары баға берді.
Инжиниринг орталығы мен Shakarim Lab зертханаларының жұмысымен танысқан қонақтар университетте жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар, инновациялық бастамалар және заманауи зерттеу бағыттары жөнінде ақпарат алды. Зертханалардағы жаңа технологиялық мүмкіндіктер мен студенттердің ғылыми ізденістеріне арналған қолайлы орта қонақтардың ерекше ықыласын аударды.
Өз кезегінде қонақтар Шәкәрім университетіндегі білім беру мен ғылымды ұштастыру бағытындағы жұмыстарға жоғары баға беріп, оқу орнының ғылыми әлеуеті мен заманауи инфрақұрылымына ризашылықтарын білдірді.
Сонымен қатар, Шәкәрім университеті жанындағы «Shakarim High School» мектебінің «Соңғы қоңырау» салтанатына қатысып, бітіруші түлектерге ізгі тілектерін жеткізді.