Конституциялық реформа: түсіндіру кездесуі
Шәкәрім университетінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің университет ұжымымен кездесуі өтті. Жиынды университеттің Стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау үшін Референдум өткізу мерзімін жариялағанын және елдегі бес жетекші саяси партия мен 300-ден астам қоғамдық ұйым бірігіп, миллиондаған азаматтың мүддесін көздейтін Жалпыұлттық коалиция құрылғанын атап өтті.
Кездесу барысында коалицияның облыстық өкілдері – Айрат Базенов, Ермек Әбілмәжінов және Наталья Перцева таныстырылды.
Алғашқы болып сөз алған Ермек Әбілмәжінов жаңа Конституция жобасының бір күнде әзірленбегенін, бұл бағытта Парламенттік реформа комиссиясы ауқымды жұмыс жүргізгеніне тоқталды. Оның айтуынша, жобаға қатысты халықтан түскен 10 мыңнан астам ұсыныс сараланып, маңызды баптарға өзгерістер енгізілген.
«Жаңа Конституцияның басты құндылығы – адамға бағытталуы. Әсіресе білім, ғылым және инновация мәселелерінің заң жүзінде нақты бекітілуі ғылыми қауымдастық үшін зор серпін болмақ. Бұл – ел дамуының алдағы уақытта адами капиталға негізделетінінің айқын көрінісі»- дейді ол.
Абай облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Наталья Перцева кездесудің мақсаты – жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіру, жұртшылық көкейіндегі сауалдарға жауап беру екенін жеткізді. Әсіресе, университет қабырғасында өткендіктен, білім мен ғылым мәселелеріне ерекше тоқталу маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда ел ішінде жаңа жобаға қатысты түрлі пікірлер мен жалған ақпараттар таралуда. Мәселен, тегін білім беру нормасы алынып тасталады деген жаңсақ түсінік бар. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Тек баптардың тұжырымдалу тәсілі өзгеріп, білім алу құқығының кепілдігі нақты әрі айқын түрде бекітілген.
Ал Айрат Базенов өз сөзінде университеттердің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, университет тек білім беретін мекеме ғана емес, ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын зияткерлік орталық болуы тиіс. Өйткені мемлекет болашағы ең алдымен сапалы білім мен қуатты ғылымға сүйенеді.
Сонымен қатар университеттер – жас ұрпақтың азаматтық ұстанымы қалыптасатын, рухани-адамгершілік құндылықтар орнығатын орта. Сондықтан олар тек кәсіби білікті маман емес, ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын саналы азамат тәрбиелеуі тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция жобасында білім мен ғылымға айрықша мән берілуі – университеттердің мәртебесін арттырып, олардың стратегиялық рөлін күшейтеді. Ғылымның конституциялық деңгейде бекітілуі жоғары оқу орындарына ұзақ мерзімді зерттеу бағдарламаларын дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және ғылыми кадрларды жүйелі даярлауға берік құқықтық негіз қалыптастырады.