«Конституция – мемлекеттіліктің берік негізі»
Шәкәрім университетінде 25 қазан – Республика күніне орай «Республика және Конституция: жауапты азамат – қуатты мемлекет» атты зияткерлік-ағартушылық апталық өтуде.
Апталықтың алғашқы іс-шараларының бірі – оқытушылар мен білім алушыларға арналған «Конституция – мемлекеттіліктің берік негізі» атты дөңгелек үстел.
Іс-шараны оқу орнының Студенттік ректораты ұйымдастырып, жастар мен тәжірибелі мамандар арасындағы байланысты нығайта түсті.
Жиынға «Әділет» партиясы Семей қалалық филиалының төрағасы Айдос Төлеуханов пен Абай облысы Жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Абдураимов қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың бойындағы отансүйгіштік сезімді жаңғырту. Қатысушылар Ата Заңымыздың әрбір бабының қоғам өміріндегі салмағын, заң үстемдігінің маңызын және азаматтық жауапкершіліктің құндылығын жан-жақты талқылады.
«Ата Заңды құрметтеу - заң талаптарын білу және сақтау, өз құқығыңды түсіну, сондай-ақ өзге азаматтардың құқықтарына құрметпен қараудан басталады. Бұл ретте жастардың рөлі ерекше. Өйткені бүгінгі студенттер – еліміздің ертеңгі мамандары, мемлекеттік және қоғамдық өмірдің белсенді қатысушылары» - деген Әліби Батыржанұлы елдің тұрақты дамуы мен болашағы әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығына, азаматтық ұстанымына және қоғам алдындағы жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
Мұндай кездесулер жастардың тек білімді ғана емес, сонымен қатар қоғамдық процестерге бейжай қарамайтын, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуына үлкен септігін тигізеді.