Мазмұнға өту
Жаңалықтар 13.10.2026 71

Көне өркениет іздері: Абай облысындағы археологиялық зерттеулер

Көне өркениет іздері: Абай облысындағы археологиялық зерттеулер

Шәкәрім университетінде «Абай облысының тарихи-археологиялық мұрасы: зерттеу нәтижелері мен қорытындылары» тақырыбында ғылыми дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып жатқан BR24992916 «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Ғылыми басқосуды Шәкәрім университеті мен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты бірлесіп өткізді. Оның мақсаты – Абай облысында жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелерін таныстыру, өңірдің ежелгі және ортағасырлық тарихына қатысты жаңа ғылыми деректерді талқылау, тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен сақтаудың бағыттарын айқындау.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстанның ғылыми және білім беру ұйымдарынан келген жетекші археологтар, тарихшылар, физикалық антропология және этноархеология саласының мамандары қатысты.

Іс-шара аясында тас дәуірі ескерткіштерін зерттеу нәтижелеріне, 2025–2026 жылдары Жаңасемей археологиялық жасағы жүргізген жұмыстарға, Қаратұмсық археологиялық кешенінен алынған жаңа материалдарға, Сарыарқаның ерте темір дәуірі қоныстарын зерттеуге және өңірдегі этноархеологиялық ізденістерге ерекше назар аударылды.

Ғылыми бағдарламаны Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы ашты. Ол құттықтау сөз кезегін Шәкәрім университетінің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымовқа ұсынды. Сондай-ақ Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбай қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.

Жиында Абай облысындағы археологиялық барлау мен зерттеу жұмыстарының нәтижелері кеңінен талқыланды. Ғарыштық түсірілімдер мен далалық зерттеулердің арқасында өңірдегі тарихи ескерткіштер туралы мәліметтер едәуір толыққан. Бастапқыда Абай ауданында небәрі тоғыз ескерткіш белгілі болса, кейінгі зерттеулер барысында мыңнан астам археологиялық нысан анықталып, олардың 475-і зерттеу жұмыстарына енгізілгені айтылды.

«Соңғы екі жылда Абай және Жаңасемей аудандарында жүргізілген жұмыстар тас дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі кезеңдерді қамтыды. Бір мезгілде бес зерттеу тобы тас, қола, ерте темір дәуірлеріне, орта ғасырларға және қазақ халқының этноархеологиялық мұрасына қатысты ескерткіштерді барлау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар бірқатар нысандарда археологиялық қазба жұмыстары атқарылды»- деді Ақан Оңғарұлы.

Қатысушылар өз сөздерінде тарихи ескерткіштерді анықтаумен қатар, оларды сақтау мен ғылыми айналымға енгізудің маңызын атап өтті. Осы орайда ғалым Виктор Мерцтің еңбегі ерекше бағаланды. Өз қаражаты есебінен зерттеулер жүргізіп, көптеген құнды ескерткіштерді анықтауға және тарихи мұраның сақталуына үлес қосқан ғалымның қызметі зерттеушілік жауапкершіліктің жарқын үлгісі ретінде айтылды.

Тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Х. Марғұлан атындағы Біріккен археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Виктор Мерц баяндамасында Абай облысындағы тас дәуірін зерттеудің бірқатар нәтижесіне тоқталды. Ол Көкен, Жалпақ 1, Жалпақ 3 және Жетіжар (Семиярка) қоныстарының ерекшеліктерін, осы нысандардан табылған жәдігерлерді және ежелгі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты зерттеу деректерін таныстырды.

Баяндаманың негізгі өзегінің бірі – Жетіжар (Семиярка) қонысы болды. Кейінгі қола дәуіріне жататын бұл ірі қоныс Еуразия даласындағы көлемі мен жоспарлануы, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі тұрғысынан айрықша ерекшеленеді. Аумағы шамамен 140 гектарды құрайтын ескерткіш 2000 жылы ашылған. Қоныстағы зерттеулер бірнеше жылдан бері жалғасып келеді.

Виктор Мерцтің айтуынша, қоныс аумағының орталық бөлігінде қоғамдық мақсатта пайдаланылған болуы мүмкін жеке ғимарат орналасқан. Зерттеушілер оның қызметін, соның ішінде ғибадат орны болуы ықтималдығын қарастыруда. Ғалым ескерткішті зерттеудің жаңа кезеңінде қазба жұмыстарын қорғау және көрсетуге арналған арнайы күмбезді құрылым салу мүмкіндігін де атап өтті. Мұндай шешім археологиялық нысанды сақтауға әрі зерттеуді халықаралық ғылыми деңгейде ұйымдастыруға жол ашар еді.

Жетіжар қонысының ғылыми маңызы халықаралық деңгейде де мойындалып келеді. Ескерткіш туралы зерттеу нәтижелері Ұлыбританияның Antiquity ғылыми журналында жарияланған. Сондай-ақ Қытайдың Сиань университетінің ғалымдары Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі археологиялық жаңалықтарды зерттеу барысында Семияркаға назар аударған. Қытайлық ғалымдар оны 2025 жылғы Ұлы Жібек жолы бағытындағы үздік жаңалықтардың қатарына қосып, Виктор Мерцті осы ескерткіш туралы дәріс оқуға шақырған.

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының физикалық антропология зертханасының меңгерушісі Рамазан жанұзақтың Қазақ Алтайындағы ғұн-сәнби кезеңіне жататын палеоантропологиялық материалдарды зерттеу жайында болды. Бұл бағыттағы ғылыми нәтижелер ежелгі тұрғындардың тарихын тереңірек зерделеуге және археология, антропология секілді сабақтас ғылым салаларының деректерін ұштастыра отырып, өңірдің тарихи дамуын кешенді түрде қарастыруға мүмкіндік береді.

Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі – «Қазақстанның археологиялық коллекциясы. Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі топтамасынан» ғылыми каталогының бесінші томының тұсаукесер рәсімі болды. BR24992916 ғылыми жобасы аясында дайындалған басылым музей қорларында сақталған археологиялық материалдарды ғылыми айналымға енгізуге және өңірдің көне тарихын зерттеуге қажетті дереккөздер аясын кеңейтуге бағытталған.

Дөңгелек үстелде ұсынылған баяндамалар Абай облысының тарихи-археологиялық мұрасы әлі де терең зерттеуді қажет ететінін көрсетті.

Ғылыми жиында тарихи ескерткіштерді кешенді зерттеу, археологиялық олжаларды ғылыми айналымға енгізу және оларды келер ұрпаққа сақтау жұмыстарының маңыздылығы айқындалды.

Көне өркениет іздері: Абай облысындағы археологиялық зерттеулер
Көне өркениет іздері: Абай облысындағы археологиялық зерттеулер
Көне өркениет іздері: Абай облысындағы археологиялық зерттеулер
Көне өркениет іздері: Абай облысындағы археологиялық зерттеулер
Көне өркениет іздері: Абай облысындағы археологиялық зерттеулер

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру