Инжиниринг орталығының ғылыми үдерісі
Шәкәрім университеті – ғылымның сан түрлі саласы қамтылған әмбебап жоғары білім ордасы. Бүгінде әлемнің 21 елімен жоғары деңгейде әріптестік байланыс орнатып, тәжірибе алмасып, университет ғалымдарының біліктіліктерін арттыру аясы кеңейе түсуде.
Күнделікті тіршіліктегі қолданысқа енетін түрлі заттардың құрылымдық компоненттеріне талдау жүргізіп, олардың беріктігін немесе осалдығын анықтайтын зертханалар жұмысы өз алдына бір қызық әлем. Соның бірі – университеттің 10-шы корпусында орналасқан инжиниринг орталығы.
Мұнда металл құрамын жоғары температурада ұстап, оның қаттылығын сынайтын бірнеше ғылыми құрал-жабдықтар іске қосылған. Олармен университет магистратурасында білімін шыңдап жүрген 11 маман жұмыс істейді.
Инжиринг орталығының басшысы Ринат Құсайыновтың айтуынша, мұндағы мамандар өскемендік «MetPro инжиринг компаниясы» ЖШС мамандарымен әріптестік байланыс орнатқан.
- Біздің орталықта негізінен құрыш, метал бетін қатайту және қорғаныш жабындарын алу, үйкеліске төзімділігін тексеру жұмыстарына талдау жасалады. Алдымен металға микроскоппен қарап, эксперимент жасайды. Одан кейін 15 мың градусқа дейінгі температурада балқытады. Одан басқа да өзгерістерге ұшырау көріністері приборлар арқылы мұқият қадағаланады,-дейді орталық басшысы Р. Құсайынов.
2022 жылы негізі қаланған инжиринг орталығында негізінен металл жабындарының үйкеліске төзімділігі зерттеледі. Соның ішінде ауылшаруашылығы, тау-кен өндірісі техникаларына қажетті металл элементтері сараптамадан өткізіледі. Соған сәйкес, орталықта «Материалдарды беттік өңдеудің плазмалық технологиялары» зертханасы, металл кесу және механикалық өңдеу аймағы, материалтану және электролиттік плазмалық технологиялар зертханасы, рентгендік-құрылымдық талдау аймағы сияқты бірнеше бөлімдердің жұмысы жүйелі жолға қойылған.