Мазмұнға өту
Жаңалықтар 14.10.2026 70

Инженерия мен озық технологиялар: жаңа мүмкіндіктерге жол

Инженерия мен озық технологиялар: жаңа мүмкіндіктерге жол

Шәкәрім университетінің делегациясы Стамбул техникалық университетінде (Istanbul Technical University) кездесу өткізіп, инженерия мен технология салаларындағы ғылыми байланыстарды дамытудың басым бағыттарын талқылады. Кездесуде білім беру, академиялық ұтқырлық, бірлескен зерттеулер жүргізу және ғылыми әзірлемелерді тәжірибеде қолдану мәселелеріне назар аударылды.

1773 жылы негізі қаланған Стамбул техникалық университеті инженерлік білім мен технологиялық зерттеулер саласында мол тәжірибеге ие. QS World University Rankings 2027 халықаралық рейтингінде әлем бойынша 279-орынға ие болған оқу орны Түркия университеттері арасында көш бастап тұр. Университеттің ғылыми және білім беру әлеуеті Шәкәрім университеті үшін бірлескен зерттеулер жүргізуге, зерттеушілердің кәсіби байланыстарын нығайтуға және білім алушылардың тәжірибе алмасуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Кездесу барысында техника және технология, автоматтандыру, азаматтық құрылыс инженериясы, компьютерлік инженерия, жасанды интеллект, химия және ғылыми зерттеу әдіснамасы бағыттары бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті. Екі университеттің өкілдері ғылыми мүдделері ортақ салаларды айқындап, бірлескен жұмысты нақты жобалармен ұштастыру жолдарын қарастырды.

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков Стамбул техникалық университетінің инженерлік білім беру мен ғылыми зерттеулердегі мол тәжірибесін атап өтіп, екі жоғары оқу орнының ғылыми әлеуетін ұштастырудың маңыздылығына тоқталды. Ол ғылыми байланыстарды нақты бастамалар арқылы дамытып, академиялық ұтқырлықты, зерттеу тағылымдамаларын және бірлескен жобаларды өзара сабақтастыра жүзеге асыру қажеттігін жеткізді.

«Тарихы сонау 1773 жылдан бастау алатын Стамбул техникалық университетінің инженерлік білім беру мен ғылыми зерттеулердегі тәжірибесі біз үшін үлкен қызығушылық тудырады. Сіздердің ғылыми нәтижелерді технологияға, ал технологияны қоғам мен өндіріс қажетіне бағыттау тәжірибелеріңізді жоғары бағалаймыз. Бүгінгі кездесудің мақсаты – қос оқу орнының ортақ ғылыми мүдделерін анықтап, оларды нақты жұмысқа айналдыру. Біз академиялық ұтқырлықты, зерттеу тағылымдамаларын және бірлескен ғылыми жобаларды өзара байланысты бағыттар ретінде қарастырамыз.

Алғашқы басымдық ретінде тағам инженериясы мен биотехнологиялық зерттеулерді ұсынғым келеді. Тағамды өңдеу, сақтау, өндірістік үдерістерді жетілдіру және биотехнологиялық әдістерді қолдану бойынша зерттеушілеріміздің байланысын орнатуға мүдделіміз»- деді.

Ректор ұсынған басым бағыттардың қатарында тағам инженериясы мен биотехнологиялық зерттеулер, жасанды интеллект пен инженерлік модельдеу, сондай-ақ материалтану, энергетика және экологиялық технологиялар бар.

Кездесуде магистранттар, докторанттар мен оқытушыларға арналған ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру, зерттеу тәжірибесімен алмасу және ғылыми жетекшілік мүмкіндіктерін дамыту мәселелері де қарастырылды. Ректордың пікірінше, тағылымдамалар нақты зерттеу міндеттерімен байланыстырылып, олардың нәтижесі жаңа әдістерді меңгеру, ғылыми зерттеулер жүргізу немесе бірлескен жарияланымдар әзірлеу арқылы көрініс табуы тиіс.

Сонымен қатар халықаралық ғылыми жобаларға қатысу, бірлескен өтінімдер әзірлеу, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру және студенттік кәсіпкерлікті қолдау бағыттарында тәжірибе алмасу мүмкіндіктері талқыланды. Ортақ ғылыми тақырыптарды айқындап, әр тараптың міндеттері мен үлесін нақтылау халықаралық жобаларды жүйелі жүзеге асыруға жол ашады.

Кездесу қорытындысында екі университеттің ғылыми топтары арасындағы байланысты нығайту, тараптардың үйлестірушілерін белгілеу және басым зерттеу тақырыптарын анықтау ұсынылды.

Стамбул техникалық университетіндегі кездесу Шәкәрім университетінің халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейтуге және инженерлік білім мен озық технологиялар саласындағы жаңа мүмкіндіктерді зерделеуге бағытталған маңызды қадам болды. Алдағы міндет – ғылыми әлеуетті ұштастырып, ортақ бастамаларды нақты зерттеулерге, технологиялық шешімдерге және практикалық нәтижелерге айналдыру.

Инженерия мен озық технологиялар: жаңа мүмкіндіктерге жол
Инженерия мен озық технологиялар: жаңа мүмкіндіктерге жол
Инженерия мен озық технологиялар: жаңа мүмкіндіктерге жол
Инженерия мен озық технологиялар: жаңа мүмкіндіктерге жол
Инженерия мен озық технологиялар: жаңа мүмкіндіктерге жол
Инженерия мен озық технологиялар: жаңа мүмкіндіктерге жол

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру