Мазмұнға өту
Жаңалықтар 17.11.2026 83

Шәкәрім университеті Қазақстанның үздік университеттері қатарында!

Шәкәрім университеті Қазақстанның үздік университеттері қатарында!

Шәкәрім университеті QS World University Rankings: Sustainability 2027 халықаралық рейтингінде тұрақты даму саласындағы қызметінің нәтижелері бойынша бірқатар жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Дүние жүзінің екі мыңнан астам жоғары оқу орны қамтылған рейтингте университет әлем бойынша 1501+ орынға жайғасты. Қазақстан оқу орындары арасында 12-ші орыннан көрінсе, Орталық Азия бойынша 16-шы, Азия бойынша 584-ші сатыдан орын тепті.

QS Sustainability Rankings – жоғары оқу орындарының экологиялық жауапкершілігін, әлеуметтік ықпалын және басқару жүйесінің тиімділігін бағалайтын халықаралық рейтинг. Бағалау үш негізгі санат пен тоғыз бағыт бойынша жүргізіледі. Олардың қатарында экологиялық білім беру мен зерттеулер, қоршаған ортаның тұрақтылығы, жұмыспен қамту мүмкіндіктері, теңдік, денсаулық пен әл-ауқат, білім берудің қоғамдық ықпалы, білім алмасу және тиімді басқару бар.

Шәкәрім университеті бірқатар бағыт бойынша Қазақстан мен Орталық Азия университеттері арасында айрықша нәтижелер көрсетті.

Атап айтқанда, экологиялық зерттеулер көрсеткіші бойынша университет Қазақстан мен Орталық Азияда 1-ші орынға ие болды. Ал экологиялық тұрақтылық бағыты бойынша Қазақстанда 2-ші, Орталық Азияда 3-ші орынға жайғасты. Бұл нәтиже университеттің қоршаған ортаны қорғау, экологиялық жауапкершілік және тұрақты даму қағидаттарын білім мен ғылымға енгізу бағытындағы жұмыстарының маңызын көрсетеді.

Әлеуметтік ықпал санатында да университеттің нәтижелері назар аудартады. Денсаулық пен әл-ауқат, сондай-ақ білім берудің қоғамдық ықпалы көрсеткіштері бойынша Қазақстанда және Орталық Азияда 2-ші орынға ие болды. Білім алмасу бағыты бойынша Қазақстанда 3-ші, Орталық Азияда 4-ші орыннан көрінді.

Сонымен қатар, тиімді басқару санатында Қазақстан университеттері арасында 5-ші, Орталық Азияда 7-ші орынға тұрақтады. Бұл бағыттағы жалпы көрсеткіші – 80,9 балл. Жұмыспен қамту мүмкіндіктері мен теңдік көрсеткіштері бойынша да университет Қазақстанда үздік бестікке енді.

Аталған нәтижелер Шәкәрім университетінің тұрақты даму мәселелерін тек экологиялық міндеттер аясында ғана қарастырмай, білім сапасы, ғылыми зерттеулер, әлеуметтік жауапкершілік және институционалдық басқару жүйесімен сабақтастыра жүзеге асырып келе жатқанын аңғартады.

Халықаралық рейтинг қорытындысы – университеттің тұрақты даму бағытындағы қызметіне берілген маңызды баға. Бұл жетістік оқу ордасының білім беру мен ғылымдағы әлеуетін нығайтып, қоғам мен қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарының нәтижесін танытады.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру