Ғылыми жетістіктерді арттыруға арналған семинар
Шәкәрім университетінің Тамақ инженериясы зерттеу мектебінде жас ғалымдар, магистранттар пен докторанттарға мақалаларды жариялау белсенділігін дамытуға және ғылыми жобаларды дайындау сапасын арттыруға бағытталған ғылыми семинар өтті.
Техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ж. Х. Кәкімова «Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыруда бәсекеге қабілетті өтінімдерді дайындаудың практикалық тәсілдерін» кеңінен түсіндірсе, PhD, аға оқытушы-зерттеуші А. О. Утегенова «Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорларында ғылыми журналдарды іздеу, іріктеу және мақалалар жариялау» тақырыбын қамтып, жас зерттеушілерге мол мағлұмат берді.
PhD, аға оқытушы-зерттеуші А. Е. Бепеева «Web of Science ғылыми зерттеулерді талдау және дамыту құралы ретінде» тақырыбын тарқатты.
Семинар барысында ерекше өзекті және тәжірибеге бағытталған тақырыптар қарастырылды. Қатысушылар гранттық өтінімдердің құрылымын дұрыс құру, жобаларды бағалау кезінде сарапшылар назар аударатын мәселелер мен қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігін арттыру тетіктерін білді.
Бүгінгі іс-шарада жарияланым белсенділігінің өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ғалымдар сенімді ғылыми журналды қалай таңдау керектігін, "жыртқыш" басылымдардың айла-шарғыларынан қалай қорғану керектігін және беделді Scopus пен Web of Science халықаралық дерекқорларында сәтті жарияланудың жолдарын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Бұл құнды білімдері мен практикалық ұсыныстары үшін барлық спикерлерімізге алғыс білдіреміз! Сондай-ақ, белсенді қатысып, пікір алмасып, жаңалықтармен бөліскен барлық қатысушыларға рахмет айтамыз!