Ғылыми дипломатия және жаһандық ынтымақтастық: Нью-Йорктегі маңызды диалог
Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында өтіп жатқан Science Summit 2026 халықаралық ғылыми саммиті шеңберінде «Science Diplomacy and Global Cooperation» тақырыбында жоғары деңгейдегі диалог өтті. Ғылым, жоғары білім және технология саласындағы халықаралық серіктестіктің жаңа бағыттарын талқылаған басқосуға түрлі елдердің ғылыми және академиялық қауымдастығының өкілдері қатысты.
Іс-шараны ЮНЕСКО-ның Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ICESCO) мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп ұйымдастырды. Диалог барысында ғылыми дипломатияның мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен ұзақ мерзімді серіктестікті қалыптастырудағы рөлі сөз болды.
Кездесуде қазіргі кезеңдегі ғылым мен жоғары білімнің жаһандық сын-қатерлерді шешудегі орнына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды дамыту, ғылыми инфрақұрылымға қолжетімділікті кеңейту, жоғары өнімді есептеу мүмкіндіктерін пайдалану, зерттеу әлеуетін экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешуге бағыттау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар климаттың өзгеруі мен азық-түлік қауіпсіздігі сияқты шекарадан тыс сипаттағы мәселелерді шешуде ғылым мен университеттердің маңызы атап өтілді.
Диалогтың маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ICESCO арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Құжат ғылым, жоғары білім, зерттеулер және инновациялар салаларындағы өзара байланысты күшейтуге, бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ ғылыми дипломатия тетіктерін дамытуға бағытталған.
Басқосу барысында Al Farabi-ICESCO Center for Science Diplomacy (Al Farabi-ICESCO ғылыми дипломатия орталығы) бастамасы да таныстырылып, оның ғылыми байланыстарды дамытудағы әлеуеті талқыланды. Бұдан бөлек, жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымына қолжетімділікті арттыру, зерттеушілер мен академиялық қауымдастық үшін халықаралық ғылыми ресурстарды тиімді пайдалану мәселелеріне назар аударылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша New York Joint Statement on Science Diplomacy for Inclusive Global Development құжаты қабылданды. Бірлескен мәлімдеме инклюзивті жаһандық дамуға ықпал ететін ғылыми дипломатияны ілгерілету және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту бағыттарын айқындады.
Қазақстандық делегация құрамында еліміздің ғылыми және жоғары білім беру саласының өкілдерімен бірге Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков те қатысты.
Ректор өз пікірінде қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында ғылыми байланыстарды сақтап, университеттер арасындағы серіктестікті дамыту маңызды екенін атап өтті.
«Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі, технологиялық даму және жасанды интеллекттің қарқынды дамуы – бір ғана елдің немесе аймақтың шеңберінде шешілетін мәселелер емес. Сондықтан университеттер халықаралық серіктестікті нығайтып, бірлескен зерттеулерге, академиялық ұтқырлыққа және жаңа жобаларға жол ашуы қажет. Осындай маңызды халықаралық алаңда Шәкәрім университеті атынан жұмыс істеуге мүмкіндік бергені үшін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне алғыс білдіремін»,- дейді Думан Рымғалиұлы.
Шәкәрім университеті үшін мұндай халықаралық алаңдарға қатысу әлемдік ғылыми кеңістікпен байланысты нығайтып, жаңа әріптестермен бірлескен бастамаларды талқылауға мүмкіндік береді. Университеттің халықаралық байланыстарын кеңейту, зерттеушілердің академиялық және ғылыми мүмкіндіктерін арттыру, бірлескен жобаларға қатысу – жоғары оқу орнының стратегиялық даму бағыттарының бірі.
Ғылымның ортақ тілі мен халықаралық сипаттағы мәселелерді бірлесіп шешуге деген ұмтылыс мемлекеттер мен университеттер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, ғылыми дипломатия тек академиялық байланыстарды дамыту құралы ғана емес, ортақ мақсаттар төңірегінде халықаралық әріптестікті қалыптастыратын маңызды тетікке айналып келеді.