Ғылым жолындағы қадам: докторанттардың тағылымдамалық тәжірибесі
Докторанттардың ғылыми тағылымдамасы – ғылыми кадрларды даярлау жүйесінің ажырамас бөлігі. Ол докторанттардың ғылыми-зерттеу қызметінің тиімділігін арттырып, олардың халықаралық ғылыми кеңістікте бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына негіз болады. Осы тұрғыда Шәкәрім университеті халықаралық ынтымақтастық аясында білім алушылардың ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді және жүйелі жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
2026 жылдың 6 мамыр - 10 шілде аралығында бірқатар докторанттар Қытай, Ресей және Түркия жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтуде.
«Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» білім беру бағдарламасының 1 және 3 курс докторанттары Айнұр Қабденова, Ғалия Бейсембаева – Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің (Сяньян қ., Қытай Халық Республикасы) зертханаларында биологиялық белсенді қоспасы бар функционалды сүт өнімінің, бактерияға қарсы және иммуноынталандырушы қасиеттері бар бактериялық ашытқы жасау өнімдерінің аминқышқылдық құрамы мен май қышқылдарының құрамын анықтау бойынша;
«Химия» білім беру бағдарламасының 3 курс докторанты Ахмышова Перизат - Ресей Ғылым Академиясының Сібір Бөлімі Н.Н.Ворожцов атындағы Новосібір органикалық химия институтында (Новосібір қ., Ресей Федерациясы) Spiraea hypericifolia L. қабығының этанолды экстрактысының компоненттік құрамын зерттеу және колонналық хроматография әдісімен бөлу бойынша;
«Тарих» білім беру бағдарламасының 2 және 3 курс докторанттары Мәди Тұрлыбаев, Нұрғазы Қуаныш, Ерке Конбай – Фатих Сұлтан Мехмет университетінде (Стамбул қ., Түркия) өлкетану әдіснамасы негізінде тарихты оқытудың құрылымдық және мазмұнды моделін әзірлеу, оқушылардың тарихи ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған педагогикалық технологияларды талдау бойынша зерттеулер жүргізуде.
Ғылыми тағылымдаманың негізгі мақсаты – докторанттың ғылыми-зерттеу қызметінің сапасын арттыру және оның кәсіби, ғылыми құзыреттілігін кешенді түрде дамыту.