Геодезия мен экология саласындағы жаңа зерттеулер халықаралық деңгейде таныстырылды
Шәкәрім университетінің ғалымдары Ресейдің Сібір мемлекеттік геожүйелер және технологиялар университеті ұйымдастырған «Интерэкспо ГЕО-Сібір–2026» XXII Халықаралық көрмесі мен ғылыми конгресіне қатысты.
Конгресс аясында ұйымдастырылған халықаралық конференциядағы маңызды баяндамалардың бірі «Құрылыс және геодезия» кафедрасының аға оқытушысы Зарина Баранқұлқызы Бексұлтанованың «ТМД елдері мен Ресейдің трансшекаралық ынтымақтастығы: табиғатты ұтымды пайдалану жүйесін бірыңғай геоақпараттық қамтамасыз етуді қалыптастыру» атты баяндамасы болды.
Сонымен қатар Shakarim Lab директоры Алексей Николаевич Кливенко табиғи ресурстар мониторингі мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде спикер ретінде сөз сөйлеп, экологиялық зерттеулер саласындағы ғылыми баяндамасын ұсынды.
«Абай облысындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құнарлылығын цифрлық платформа арқылы болжамды бағалау» тақырыбындағы мазмұнды баяндамада жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған геоақпараттық технологиялар мен цифрлық шешімдерді қолданудың заманауи тәсілдері таныстырылды. Ұсынылған ғылыми жұмыс форум қатысушыларының кәсіби қызығушылығын тудырып, университеттің экологиялық және биотехнологиялық зерттеулер бағытындағы ғылыми әлеуетін айқын көрсетті.
Университет өкілдерінің халықаралық ғылыми форумға қатысуы Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеулерді дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.