Ғасырға жуық тарихы бар хат
Ғылым онкүндігі аясында Шәкәрімтану ғылыми орталығының ұйымдастыруымен Шәкәрім ғылыми музейінде «Шәкәрімнің Сәбитке жазған хатына– 95 жыл» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Қазақтың классик ақыны, ғұлама-ойшыл Шәкәрімнің мол мұрасының ішінде қазақтың атақты жазушысы Сәбит Мұқановқа жазған хаты ерекше асыл мұра екені белгілі. Сол аяулы хаттың жазылғанына биыл 95 жыл толып отыр. Осы ғылыми-мәдени, тарихи-әдеби құбылысқа, яғни Шәкәрімнің хатына орай өткізіліп отырған осы шараның мәні туралы әдебиеттанушы-философ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрдықұл Шаңбай мынадай фәлсапалық-танымдық ой айтты: «Шәкәрімнің Сәбитке жазған хаты – қазақ мәдениетінің алтын қорынан ерекше орын алатын баға жетпес құндылық. Хатта Шәкәрім даналығының жұпары, сол кезеңдегі қоғамның ызғары бар. Хатта Шәкәрім Сәбиттің хатын алғанын, оған жауап ретінде жазылған хат екенін көреміз. Шәкәрім хаты уақыт озған сайын зерттеліп, мазмұны арта берері сөзсіз. Мен осы хатты фәлсапалық-даналық контексте зерттеп жүрмін. Шәкәрімнің қолтаңбасын айқындайтын бұл хат тұтас шәкәрімтану ғылымының басы деп түсінемін. Бүгінгі әңгіме-сұхбатымыз Шәкәрімнің аса қадірлі хаты туралы болмақ».
Әңгіме барысында, хаттың қалай жазылғаны, қалай сақталып, бүгінгі күнге жеткені, хаттың мазмұны, хаттың қазақ мәдениетіндегі орны туралы келген қонақтарға ақпарат берілді. Бұл мәдени отырыс сұхбат алаңы болғандықтан, дөңгелек столға Шәкәрім ғылыми музейінің қызметкері Гүлнұр Шалатайқызы, «Shakarim High School» мектебі директорының оқу және тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Ернар Айтқазыұлы және сол мектептің 10 сынып оқушылары, сондай-ақ, Цифрлық технологиялар және құрылыс жоғары мектебінің студенттері қатысты.
Осы іс-шараның екінші бөлімінде Шәкәрім ғылыми музейінің қызметкері Гүлнұр Шалатайқызы келген қонақтарға экскурсия жүргізді. Стационарлық тұрақты экспозициясымен қатар, Қытай Халық Республикасының Сиань қаласындағы Сиань Цзяотун университетінде ашылған «Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығының тақырыптық көрмесімен таныстырды. Келген қонақтар өздерінің алған әсерлерімен бөлісіп, сұрақ-жауап ретінде пікір алмасты. Ғылыми-мәдени іс-шараға келген қонақтарға кітап тарту етілді.