Жаңалықтар 10.04.2026 150

Ғалым еңбегі жоғары бағаланды

Ғалым еңбегі жоғары бағаланды

Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Ақорда резиденциясында отандық ғылым өкілдерін ұлықтауға арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен білімнің ел дамуындағы айрықша рөлін атап өтіп, биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағанын еске салды.

«Кез келген дамыған, яғни озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым. Әр елдің ғылыми әлеуеті оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі десек, қате болмайды. Ғылымға басымдық беретін, ғалымын қадірлейтін, басқаша айтсақ, "ғылым-білім бар жұрттар" ғана өркениеттің өріне шығады. Бұл ақиқат. Түптеп келгенде, адамзаттың барлық жетістігі ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі екені сөзсіз»- деген Мемлекет басшысы ғылымға көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау шараларына тоқталды.

Мемлекет тарапынан ғылым саласына, әсіресе жас зерттеушілерге көрсетіліп жатқан қолдау – отандық ғылымның болашағына жасалған маңызды инвестиция. Бүгінде жүздеген жас ғалым баспанамен қамтылып, арнайы гранттар арқылы өз ғылыми жобаларын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, олардың әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасалуда.

Салтанатты рәсімде еліміздің бірқатар ғалымдары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Солардың қатарында Асқар Бағдатұлы Қасымов та бар. Ол – Шәкәрім университеті Басқарма мүшесі, стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректор – ғылым мен жоғары білімді дамыту жолында табанды еңбек етіп келе жатқан білікті маман.

Асқар Бағдатұлы Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алып, жоғары мемлекеттік құрметке ие болды. Бұл марапат – оның кәсіби біліктілігінің, ғылыми-зерттеу қызметіндегі табыстарының және білім беру жүйесіне қосқан елеулі үлесінің лайықты бағасы.

Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Абай облысы бойынша марапатқа ие болған бірден-бір ғалым – Асқар Бағдатұлын осы мәртебелі марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық, толағай табыс, ғылым мен білім саласында жаңа жетістіктер тілейміз. Университет дамуына бағытталған бастамаларыңыз әрдайым табысты болсын!

Ғалым еңбегі жоғары бағаланды
Ғалым еңбегі жоғары бағаланды
Ғалым еңбегі жоғары бағаланды

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру