Мазмұнға өту
Жаңалықтар 08.10.2026 60

Ешкі сүтінен өнім өндірудің ғылыми және өндірістік мүмкіндіктері талқыланды

Ешкі сүтінен өнім өндірудің ғылыми және өндірістік мүмкіндіктері талқыланды

Шәкәрім университетінде ешкі сүтін өңдеу және одан сапалы әрі сұранысқа ие өнім өндіру мәселелеріне арналған ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Іс-шара DP23691258 «Абай облысында заанен ешкі тұқымының сүтін жаңа технологиялар мен ашытқыларды қолдана отырып, қалдықсыз өндіру және қайта өңдеу» коммерцияландыру жобасы аясында ұйымдастырылды.

Семинардың негізгі мақсаты – ешкі сүтін өңдеудің заманауи технологияларын таныстыру, қауіпсіз әрі бәсекеге қабілетті сүт өнімдерін өндірудің мүмкіндіктерін көрсету және жергілікті шикізатты қайта өңдеу арқылы шағын бизнесті дамытуға жол ашу.

Ғылыми-тәжірибелік басқосуға фермерлер, шағын бизнес және сауда кәсіпорындарының өкілдері, тамақ өнеркәсібінің мамандары, жас кәсіпкерлер, ғалымдар мен университет білім алушылары қатысты.

Семинарды Шәкәрім университетінің ғылым жөніндегі профессоры Жанар Қалибекқызы ашып, ешкі сүтінің тағамдық және биологиялық құндылығына тоқталды.

«Ешкі сүті – биологиялық тұрғыдан құнды тағамдық өнім. Оның құрамында адам ағзасына қажетті ақуыз, май, кальций, фосфор, калий, магний және антиоксидантты дәрумендер бар. Сондықтан ешкі сүтін өңдеу мәселесі бүгінгі таңда ғылыми тұрғыдан да, өндірістік тұрғыдан да өзекті. Бүгінгі семинардың мақсаты – ғалымдар, өндіріс мамандары, кәсіпкерлер және білім алушылар арасында тәжірибе алмасып, ешкі сүтін өңдеудің заманауи тәсілдері мен ғалымдар әзірлеген жаңа технологияларды талқылау», – деді Жанар Қалибекқызы.

Семинардың негізгі спикерлері қатарында «ҚазНИСИ» жеке мекемесінің директоры А. Оралханов, коммерцияландыру жобасының жетекшісі Фарида Смольникова және Шәкәрім университетінің «Ветеринария» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, докторант Н. Тәукебаева болды.

Семинар барысында ешкі сүтін өңдеудің қазіргі жағдайы, Қазақстандағы саланың даму үрдістері, Абай облысындағы мал шаруашылығының әлеуеті және шағын өндірістерді ұйымдастыру перспективалары талқыланды.

Жоба жетекшісі, Шәкәрім университетінің «Тағам технологиясы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Фарида Смольникова «Қазақстандағы ешкі сүтін қайта өңдеу: мәселелері, даму үрдістері» тақырыбында баяндама жасап, еліміздегі ешкі шаруашылығының қазіргі жағдайына, Абай облысындағы мал шаруашылығының ерекшеліктері мен саланы дамытудың перспективалық бағыттарына тоқталды.

Іс-шара барысында ешкі сүтінің сапасы мен радиациялық қауіпсіздігін кешенді бағалау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағыт Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды.

Қатысушыларға «Қозы Көрпеш» өнімдері таныстырылып, олардың ерекшеліктері мен шағын бизнесті дамытудағы әлеуеті туралы ақпарат берілді. Семинардың практикалық бөлігінде өнімдердің дәмі бағаланып, қатысушыларға ешкі сүтінен өндірілетін өнімдердің үлгілері ұсынылды.

Ғылыми жоба аясында ешкі шаруашылығының өндірістік базасын қалыптастыру, сапалы жемшөп өндіруді ұйымдастыру, заанен ешкі тұқымын өсіру, көңді қайта өңдеп тыңайтқыш алу, сүт пен ірімшік өндіру желісін іске қосу, тиімді бактериалды ашытқыларды іріктеу және дайын өнімнің сапасын техникалық бақылау көзделген.

Жобаның маңызды бағыттарының бірі – алынған өнімдерді ішкі және сыртқы нарыққа шығару. Осы тұрғыдан алғанда, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу өңірдегі ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді пайдалануға және жаңа шағын өндірістердің қалыптасуына мүмкіндік береді.

Семинарда қатысушылар ешкі сүтін өңдеудің заманауи технологиялары, өнім сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары, шағын өндіріс үшін тиімді өнім түрлері және ғылыми әзірлемелерді бизнеске енгізу мүмкіндіктері бойынша тәжірибелік ақпарат алды.

Шәкәрім университетінде ұйымдастырылған бұл басқосу ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту бағытындағы жұмыстардың жалғасы деуге болады.

Ешкі сүтінен өнім өндірудің ғылыми және өндірістік мүмкіндіктері талқыланды
Ешкі сүтінен өнім өндірудің ғылыми және өндірістік мүмкіндіктері талқыланды
Ешкі сүтінен өнім өндірудің ғылыми және өндірістік мүмкіндіктері талқыланды
Ешкі сүтінен өнім өндірудің ғылыми және өндірістік мүмкіндіктері талқыланды

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру