Егде жастағы жандарға жаңа мүмкіндік
Бүгін Шәкәрім университеті қабырғасында «Күміс университет» жобасының тыңдаушылары түрлі білім беру курстарын аяқтап, сертификаттарға ие болды. Салтанатты жиын өмір бойы білім алудың маңызын тағы бір мәрте айқындаған ерекше іс-шараға айналды.
Бұған дейін түрік тілі курсын тәмамдаған егде жастағы тыңдаушыларға сертификат табысталған болса, бүгін бірнеше бағыт бойынша білім алған қатысушылар алған білімдерін растайтын құжатқа қол жеткізді.
Іс-шара барысында Шәкәрім университеті Құзыреттілікті дамыту орталығының басшысы Әсел Даутова жоба аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Күміс университет тыңдаушылары қаңтар айынан бастап жеті түрлі курсты тәмамдады. Атап айтқанда, түрік тілінің екі деңгейі, «Қаржылық сауаттылық», «Смартфон мүмкіндіктері және маркетплейстермен жұмыс», «Сапарларды үнемді әрі қауіпсіз жоспарлау тәсілдері», «Геронтологиялық тамақтану», «Қаржылық тиімділік» курстары ұйымдастырылды. Бұл бағдарламаларды 170-тен астам адам аяқтады,- дейді ол.
Жоба аясындағы курстар тыңдаушылардың цифрлық сауатын арттырып қана қоймай, қаржылық білімін жетілдіруге, дұрыс тамақтану мен қауіпсіз саяхат мәдениетін меңгеруге де бағытталған.
Айта кету керек, «Күміс университет» жобасы егде жастағы азаматтардың белсенді өмір салтын қалыптастыруды көздейтін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығымен әріптестікте жүзеге асырылуда. Әріптестік аясында аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, мәдени-танымдық орта қалыптастыруға және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына ерекше көңіл бөлінеді.
Бүгінде «Күміс университет» – тек білім беру алаңы ғана емес, жаңа орта тауып, өмірге деген қызығушылықты арттыратын маңызды әлеуметтік жобаға айналып отыр.