Digital Abai – 2026: Жаңа идеялар мен технологиялар алаңы
10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай Семей қаласындағы Оқушылар сарайында «Digital Abai – 2026» өңірлік форумы өтті.
Ауқымды іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, еліміздің жетекші IT компанияларының өкілдері, сала мамандары мен жастар қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – өңірдегі цифрлық трансформация үдерісін жеделдету, IT саласындағы жаңа бастамаларды қолдау, тәжірибе алмасу және технологиялық жобаларды дамытуға жол ашу. Осы бағытта бағдарламаға цифрлық даму, жасанды интеллект және IT индустриясының өзекті мәселелерін қамтыған бірқатар танымдық әрі практикалық алаң енгізілді.
Атап айтқанда, Digital Talks пікірталас алаңында сарапшылар саланың даму үрдістері мен алдағы мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар Semey Hub Battle стартап-баттлі, AI Film Hackathon байқауы, AI Cinema көрсетілімдері, кибергигиена бойынша семинар және білім беру саласын цифрландыруға арналған Digital Education практикалық сессиясы ұйымдастырылды.
Форум спикерлері қатарында «Яндекс Қазақстан» компаниясының басқарушы директоры Мейірбек Мұқатов, «Smart Alatau» және «Marti Technology» компанияларының өкілдері, бағдарламашы Тілен Сәтбеков, «MangoDev» компаниясының негізін қалаушы Владислав Набока, «Tech People» компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Марат Шәкен болды. Олар цифрлық технологияларды дамыту, «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру, отандық бағдарламалық өнімдер әзірлеу, жасанды интеллектіні қолдану және стартап жобаларды ілгерілету бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Форум аясында TECH EXPO көрмесінде инновациялық әзірлемелер таныстырылып, Startup Alley алаңында өңірлік стартап жобалары, оның ішінде Шәкәрім университетінің білім алушылары әзірлеген жасанды интеллект бағдарламаларын ұсынылды. Сондай-ақ School Projects көрмесінде оқушылар бағдарламалау, робототехника және жасанды интеллект бағытындағы жобаларын көрсетті.
Шара барысында цифрландыру саласының дамуына үлес қосқан мамандар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапатталғандар қатарында Шәкәрім университетінің цифрландыру жөніндегі проректоры Бейімбет Дәрібаев бар.
Цифрлық сала мамандары, кәсіпкерлер, білім беру ұйымдары мен жас өнертапқыштардың басын қосқан «Digital Abai – 2026» форумы өңірдің IT әлеуетін танытып қана қоймай, жаңа технологияларды игеруге, инновациялық бастамаларды қолдауға және цифрлық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ортақ ізденістерге серпін берді.