Бір әңгіме, сан түрлі пайым
Шәкәрім университетінде «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Төлен Әбдіктің «Оң қол» әңгімесіне арналған әдеби талқылау өтті. Кітапханашы Арай Қазғасым ұйымдастырған басқосу шығарманың терең мазмұны мен психологиялық астарын зерделеуге арналды.
Стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Асқар Қасымовтың алғысөзімен ашылған ойталқы барысында қатысушылар әңгіменің негізгі идеясына, кейіпкерлердің ішкі әлеміне, адам болмысы мен сана қайшылықтарына кеңінен тоқталды. Шығармадағы Алманың тағдыры, оның жан дүниесіндегі арпалыс пен оң қолының жұмбақ әрекеті төңірегінде түрлі пікірлер ортаға салынды.
Талқылау барысында туындының тек жеке адамның психологиялық күйін ғана емес, адам табиғатының күрделі қырларын, адам жаны мен санасының арасындағы тайталасты бейнелейтіні атап өтілді. Қатысушылар автор көтерген мәселелерге өз көзқарастарын білдіріп, шығарманың бүгінгі оқырман үшін де маңызын пайымдады.
Келесі кезекте қатысушыларға шығарма мазмұны мен идеясына қатысты сұрақтар ұсынылды. Арнайы ұяшықтарға жасырылған сауалдарды таңдау арқылы олар туындының астарына тереңірек үңіліп, кейіпкерлердің әрекеті мен авторлық ұстаным төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Бұл тәсіл әдеби талқылаудың мазмұнын байытып, қатысушылардың белсенділігін арттырды
Әдеби басқосу көркем шығарманы оқып қана қоймай, оның астарына үңіліп, өзара пікір алмасудың маңызын көрсетті. Осындай тағылымды кездесулер кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.