«Bir tolqynda» – жастарды біріктірген ашық диалог алаңы
Шәкәрім университетінде жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру және өзекті мәселелер төңірегінде еркін пікір алмасу мақсатында «Bir tolqyynda» атты ашық диалог алаңы ұйымдастырылды.
Танымдық әрі мазмұнды форматта өткен кездесу жастарға жаңа серпін сыйлап, олардың қоғам өміріне деген қызығушылығын арттырды.
Кездесуге қоғам белсенділері мен түрлі сала өкілдері қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Абай облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Шағангүл Жанаева, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының кеңесшісі Жансая Қуанышбекова; ақын, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың директоры Мерей Қарт, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының Абай облысы филиалының төрағасы Темірлан Бақтияров және эко-блогер Кербез Айдарбекқызы жастармен еркін форматта сұхбат құрды.
Іс-шара барысында қонақтар жетістікке жету жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға мотивациялық кеңестер айтты. Сонымен қатар қоғамдағы маңызды тақырыптар – экология, табиғатты қорғау, тіл мәдениеті және жастардың әлеуметтік белсенділігі кеңінен талқыланды. Қатысушылар өз ойларын ашық айтып, пікір алмасты.
Кездесу аясында «Жастар рухы» ұйымының негізгі мақсаттары мен бастамалары таныстырылды. Ұйым өкілдері жастарды белсенді болуға, қоғамдық жұмыстарға атсалысуға және жаңа идеяларды жүзеге асыруға шақырды.
Еркін әрі әсерлі форматта өткен «Bir tolqynda» диалог алаңы қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Кездесу жастарға тың идеялар ұсынып, болашаққа деген сенім мен жарқын мақсаттарға шабыт сыйлады.