Академиялық серіктестіктен ғылыми ықпалдастыққа
Шәкәрім университетінің делегациясы 2013 жылдан бері әріптестікте жұмыс істеп келе жатқан Түркиянің Памуккале университетіне іссапармен барды. Кездесу барысында көпжылдық академиялық ынтымақтастықты жаңа ғылыми жобалармен толықтыру, зерттеу бағыттарын кеңейту және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Памуккале университеті – Түркияның Денизли қаласында орналасқан мемлекеттік көпсалалы жоғары оқу орны. Осы уақытқа дейін Шәкәрім университетінің 500-ге жуық студенті аталған университетте академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алды. Сонымен қатар түркиялық студенттер Семейде ұйымдастырылған жазғы мектептерге қатысып, екі оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы өзара тәжірибе алмасып, дәрістер оқыды.
Кездесуде Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков екі ел арасындағы тарихи және мәдени сабақтастықтың білім мен ғылым саласындағы маңызын атап өтті.
«Қазақ пен түрік халықтары – түбі бір түркі жұрты. Бізді ортақ тарихи тамыр, тілдік жақындық және мәдени құндылықтар байланыстырады. Университеттеріміздің өзара сенімі мен жастарымыздың достығы осы бауырластықтың білім мен ғылымдағы жалғасы деп білеміз. Көп жылғы ынтымақтастық пен бүгінгі қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын. Бауырлас халықтарымыздың ортақ тамыры университеттеріміздің бірлескен еңбегіне берік негіз бола берсін. Жаңа келісімшарт жастарымыздың мүмкіндігін кеңейтіп, ғылым мен білімдегі ортақ нәтижелерге жол ашады деп сенемін»- деді.
Делегация құрамына ғылыми және академиялық қызмет, инженерлік және аграрлық зерттеулер, мәдени мұра мен туризм, сондай-ақ университетті басқару бағыттарына жауапты мамандар енді. Бұл әріптестікті нақты жобалармен толықтырып, мамандар арасындағы тікелей байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Бірлескен зерттеулердің ауқымы кеңейеді
Ғылыми ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – тамақ инженериясы мен биоинженерлік жүйелер. Бұл салаларда тағам қауіпсіздігі, өнім сапасы, өңдеу технологиялары және биотехнология бойынша ортақ зерттеулер жүргізу көзделеді.
Агротехнопарк бағыты аясында өсімдік және мал шаруашылығы, аграрлық биотехнология, селекция мен генетикалық зерттеулер бойынша тәжірибе алмасу жоспарланған. Ғылыми топтардың әлеуетін зертханалық жұмыстармен және қолданбалы міндеттермен ұштастыруға басымдық берілмек.
Автоматтандыру, ақпараттық технологиялар және құрылыс салаларында да бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Атап айтқанда, үдерістерді автоматтандыру, деректерді өңдеу, цифрлық шешімдер әзірлеу, құрылыс материалдары мен конструкцияларын зерттеу бағыттарында ортақ ғылыми тақырыптарды айқындау ұсынылды. Сонымен қатар Памуккале университетінің кампус инфрақұрылымын дамыту және энергия тиімділігі саласындағы тәжірибесімен танысу жоспарланып отыр.
Алакөлдің туристік әлеуеті бірлесіп зерттеледі
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – туризм. Шәкәрім университетінің ғылыми қызметкерлері Алакөл көлінің табиғи, тарихи және мәдени-ландшафтық әлеуетін кешенді зерттеп, рекреациялық туризмді дамытудың тиімді тетіктерін әзірлеуге бағытталған жобаны жүзеге асыруды көздейді.
Осы орайда туристік ресурстарды бағалау, тұрақты туризмді дамыту, туристік маршруттарды қалыптастыру және туристік аумақтарды басқару мәселелері бойынша Памуккале университетінің мамандарымен тәжірибе алмасу жоспарланған.
Шәкәрім мұрасы Түркияда зерттелмек
Университеттер арасындағы гуманитарлық ынтымақтастық та назардан тыс қалмады. Түркология, білім беру зерттеулері, тарих және өнер салаларында мамандар байланысын нығайту, қазақ-түрік тілдік және мәдени сабақтастығын зерделеу, білім беру сапасын талдау, бірлескен ғылыми семинарлар мен дәрістер ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Бұл бағыттағы жұмыстарды «Абай және ұлттық руханият» орталығының қызметімен, сондай-ақ, Шәкәрім Құдайбердіұлының мұрасын зерттеу бастамаларымен сабақтастыру көзделіп отыр. Шәкәрім университетінде ақынның рухани мұрасын әдеби-мәдени, тарихи-этнографиялық, географиялық және лингвистикалық тұрғыдан кешенді зерттеуге, оны цифрлық ортада танытуға және этнотуризмді дамытуға бағытталған жоба жүзеге асырылып жатыр. Осыған байланысты салыстырмалы зерттеулер жүргізу, аударма жұмыстарын дамыту, тарихи деректерді зерделеу және рухани мұраны цифрлық форматта таныстыру бойынша ортақ бастамалар қолға алынбақ.
Кездесу барысында екі университеттің басшылығы Памуккале университетінде Шәкәрімтану орталығын ашу мәселесін де қарастырды. Орталықтың негізгі мақсаты – Шәкәрімнің рухани мұрасын қазақ-түрік әдеби және мәдени байланыстарының сабақтастығы аясында бірлесіп зерттеу.
Сапар аясында қолданыстағы келісімшартқа жаңа тармақтар енгізіліп, құжатқа қайта қол қойылды. Жаңартылған келісім инженерия, биоинженерия, аграрлық ғылымдар, цифрлық технологиялар, туризм және мәдени мұраны зерттеу салаларындағы бірлескен жұмыстарды дамытуға бағытталған.
Осылайша, екі университеттің көпжылдық академиялық серіктестігі жаңа ғылыми жобалармен толығып, білім мен ғылым саласындағы өзара ықпалдастықты тереңдетуге негіз қаланды.