AI-агенттер дәуірі: жоғары білім берудегі жаңа мүмкіндіктер
Shakarim University қабырғасында AI-Sana инновациялық жобасы аясында жасанды интеллектіге негізделген AI-агенттердің функционалдық мүмкіндіктері мен жұмыс қағидаттарын таныстыруға арналған мазмұнды семинар өтті.
Семинардың басты мақсаты – білім беру, ғылыми-зерттеу және басқару процестеріне енгізілген AI-агенттердің нақты жұмыс тетіктерін көрсету, олардың тиімділігін дәлелдеу және тәжірибелік қолдану бағыттарын кеңінен таныстыру болды. Басқарма мүшелері, құрылымдық бөлім басшылары, профессорлық-оқытушылық құрам және кафедра меңгерушілеріне арналған кездесуді Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің цифрлық офицері Мақсатбек Сатымбеков жүргізді.
AI-Sana бағдарламасы – Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды инновациялық жоба. Оның негізгі мақсаты – жасанды интеллект технологияларын жоғары білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізу арқылы білім сапасын арттыру және ғылыми әлеуетті күшейту.
Шәкәрім университетінде ұлттық AI-Sana бағдарламасы аясында мамандандырылған бес AI-агент іске қосылған. Олардың әрқайсысы білім беру экожүйесінің нақты бір бағытын жетілдіруге бағытталған.
AI-Check – студенттік жұмыстарды интеллектуалды талдау жүйесі. Ол мәтін сапасын, құрылымын және түпнұсқалығын автоматты түрде тексеріп, оқытушыларға нақты ұсыныстар береді. Бұл құрал уақытты үнемдеумен қатар академиялық адалдық мәдениетін нығайтады.
AI AdmissionBot – талапкерлерге арналған Telegram-бот. Құжаттарды қабылдау, кеңес беру, жиі қойылатын сұрақтарға жедел жауап беру арқылы 2025 жылғы қабылдау науқанында жоғары тиімділік көрсеткен цифрлық көмекші.
AI Career – білім алушылардың дағдыларын саралап, жеке кәсіби даму траекториясын ұсынатын, мүмкіндіктерді іздестіретін цифрлық мансап кеңесшісі.
ResearchCenter –деректерді талдауға, әдеби шолулар дайындауға және зерттеу жұмыстарын жүйелеуге көмектесетін интеллектуалды агент.
AI SmartCourse – білім алушылардың жеке ерекшеліктеріне қарай оқу материалдары мен курстарды интеллектуалды іріктеуге бейімделген жүйе.
AI-Sana бүгінде университеттің цифрлық трансформация платформасына айналып отыр. Бұл бастама оқу үдерісінің сапасын арттырып қана қоймай, ғылым мен технология интеграциясын жеделдетуге мүмкіндік береді.