Адал қоғам – ортақ жауапкершілік
Шәкәрім университетінің базасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқу-ағарту және корпоративтік мәдениетті дамыту: комплаенс қызметтерінің рөлі» тақырыбында ашық диалог алаңы өтті.
Іс-шараның мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы оқу-ағарту жұмыстарының маңызын, ұйымдарда адалдық пен ашықтық қағидаттарына негізделген корпоративтік мәдениетті қалыптастыру мәселелерін және осы бағыттағы комплаенс қызметтерінің рөлін талқылау.
Ашық пікір алмасу жиынына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалының директоры Алуа Сабалақова, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Абай облысы бойынша филиалының төрағасы Жұмағазы Оразов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша экономикалық тексеру департаментінің майоры Марат Сеилханов, Шәкәрім университетінің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Абай облысы филиалының өкілі Нәзигүл Ғазизова және басқа да мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындары мен комплаенс қызметтерінің мамандары қатысты.
Іс-шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов ашып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың басым бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігі азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және тұрақты экономикалық өсуді қолдауға ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Департамент басшысы тұжырымдаманың негізгі бағыттары қатарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту, жемқорлық тәуекелдерін анықтау және олардың алдын алу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету мәселелерін атап өтті. Сонымен қатар, мүдделер қақтығысының алдын алу, заңды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру, тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және ұйымдарда комплаенс жүйесін дамыту мәселелеріне назар аударды.
Келесі кезекте сөз алған Шәкәрім университетінің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов адалдық қағидаттарын қалыптастыруды білім беру кезеңінен бастаудың маңыздылығына тоқталды. Проректор елімізде жүзеге асырылып жатқан «Академиялық адалдық лигасы» жобасы жайлы айтып, Шәкәрім университетінің де ұйым мүшесі екенін атап өтті. Лига мүшелігі университетке академиялық адалдық құндылықтарын кеңінен насихаттап, білім беру ортасында әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын орнықтыруға жол ашады.
Өз кезегінде Нәзигүл Ғазизова сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті тек мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының міндеті деп қарастырмай, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі ретінде қабылдау қажеттігін айтты. Ол адал қоғам қалыптастыру үшін азаматтық қоғамның белсенділігі мен ұйымдарда сыбайлас жемқорлықты қалыпты құбылыс ретінде қабылдамайтын корпоративтік мәдениетті дамыту маңызды дейді. Сонымен қатар, баяндамашы Абайдың «Толық адам» іліміндегі ар-ұждан, адалдық пен жауапкершілік құндылықтарының қоғам өміріндегі маңызына тоқталды. Оның пікірінше, жемқорлықтың алдын алу үшін заң талаптарын сақтаумен қатар, оны қалыпты құбылыс ретінде қабылдамайтын қоғамдық орта мен берік корпоративтік мәдениет қалыптастыру қажет.
Жиынның келесі бөлімінде Абай облысының комплаенс-қызметі офицерлеріне арналған оқыту семинары ұйымдастырылып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, комплаенс жүйесін жетілдіру және ұйымдарда адалдық пен ашықтық қағидаттарын нығайту мәселелері талқыланды. Семинардың негізгі мақсаты – мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін тиімді қолдану тәжірибесін жетілдіру.
Оқыту семинарында Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің майоры Марат Сеилханов жасанды интеллектінің көлеңкелі тұсы мен дропперлік мәселені қозғады. Ол заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен қатар, оларды заңсыз мақсатта пайдалану тәуекелдерінің де артып келе жатқанын атап өтті. Марат Құдайбергенұлы жасанды интеллект арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер, азаматтарды алдаудың күрделі тәсілдері және қаржылық қылмыстардың жаңа түрлері сынды жайттарға тоқталды. Осыған байланысты азаматтарды қаржылық сауаттылықты арттыруға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және жеке қаржылық деректерін қорғауға шақырды.
Семинар барысында мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы, комплаенс-офицерлердің тәуекелдерді анықтау, олардың алдын алу және бақылау бағытындағы міндеттері, сондай-ақ жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері қарастырылды. Қатысушыларға осы бағыттардағы талаптарды сақтау, ықтимал тәуекелдерді уақтылы анықтау және алдын алу шараларын тиімді ұйымдастырудың маңызы түсіндірілді.