Жаңалықтар 06.01.2026 350

«Абайтанудың асқан білгірі»

«Абайтанудың асқан білгірі»

Биыл – қазақтың ұлы ақыны, ұлт руханиятының негізгі бастауы Абай Құнанбайұлының шығармашылығын зерттеудің негізін қалаған ғалым Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл. Осыған орай Абай музейінде ғалым есімі ұлықталған тағылымы зор танымдық кеш өтті.

«Абайтанудың асқан білгірі» деп аталған кеште музей директоры Ұлан Сағадиев Қайым Мұхамедханұлының Абай музейінің М.Әуезов пен Қ.Сәтбаевтың бастамасымен 1940 жылы құрылғанын атап өте келіп, оның жәдігерлерін жинақтап, ақынның рухани қазынасын мұқият сараптаған Қайым Мұхамедханұлының жанкешті еңбегіне тоқталды. Сондай-ақ филология ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетіне қарасты "Абай және ұлттық руханият" орталығының басшысы Ақмарал Смағұлова ғалымның шығармашылық мұрасын зерттеуге ұстазы, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспембетовтің бағыт бергендігін тілге тиек етті.

«Қайым Мұхамедханұлы – қазақ әдебиеттануындағы тұлғалық феномен. Ол тек абайтанушы немесе шәкәрімтанушы ғана емес, ғылыми әдіс, ұлттық жауапкершілік және дерекке адалдықтың үлгісін қалыптастырған зерттеуші. Осы тұрғыдан Қайым мұрасын жүйелі түрде зерттеу қажеттілігі қайымтану атты дербес ғылыми бағыттың қалыптасуын талап етеді.

Қайым Мұхамедханұлының 100 жылдығында туған жері Семейде қаланың бел ортасындағы көше аты берілді. Одан бұрын Абай кітапханасы жанынан ескерткіш орнатылды. Ұстаз бен шәкірттің құрметіне 2022 жылы Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханұлына арналған еңселі ескерткіш бой көтерді. 2025 жылы «Абай жолы» сериясымен Қайым Мұхамедхановтың 3 кітабы жарық көрді.

Ғалымның 110 жылдығына орай қаламыздағы бір мектепке Қайым Мұхамедханұлы есімі берілсе керемет жарасымды дүние болар еді. Бұл құрмет Қайым үшін емес, қазақ үшін қажет екендігін пайымдасақ болғаны»- дейді А. Смағұлова

Қайымтанушы ғалымның айтуынша, бұрынғы Интернационал көшесін Қайым Мұхамедханұлының атына ауыстыру да оңайға түспеген. Осы көше бойындағы әр үйдің есігін қағып, келісімін алу үшін күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген күндерін есіне алды. Осы ізгілікті іске Арап Сіләмұлымен бірге М. Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Жанаева да шәкірті ретінде зор үлесін қосқан.

Шара соңында жиналған қауым ғалым мұрасына арнайы қойылған «Алдымда ақын Абай – темірқазық» атты көрмені тамашалады.

«Абайтанудың асқан білгірі»
«Абайтанудың асқан білгірі»
«Абайтанудың асқан білгірі»

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру