Жаңалықтар 31.05.2026 21

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

31 мамыр – халқымыздың тағдырына өшпес із қалдырған қасіретті кезеңдердің құрбандарын еске алатын күн. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық – мыңдаған жазықсыз жандардың тағдырын талқандап, ұлттың жүрегіне жазылмас жара салған тарихымыздың ең ауыр беттерінің бірі.

Бұл – халқымыздың азаттығы мен болашағы үшін күрескен, ұлтының рухани тірегі мен ар-ожданына айналған арыстардың есімін ұлықтайтын күн.

Абай елі – ХХ ғасырдың басында қазақ халқын еркін, әділетті әрі білімді ел ретінде көруді армандаған ұлы тұлғаларды тәрбиелеген қасиетті мекен. Осы топырақта Алаш қайраткерлері өмір сүріп, шығармашылықпен айналысты, ел тағдыры үшін күресті, ұлт болашағын ойлады. Олар саяси ғана емес, рухани элитаның да өкілдері болды. Абайдың қасиетті жері олардың есімдері мен еңбектерін ұмытқан жоқ.

Алаш зиялылары үшін халықтың болашағы мен ұлттық намыс жеке бастың мүддесінен әрдайым биік тұрды. Олар ұлттың өркендеуі білім мен ағартушылыққа байланысты деп білді. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сынды қайраткерлер ұлттық мемлекеттілік идеясының негізін қалап, халық санасын оятуға күш салды.

Олар бостандыққа апарар жолдың білім мен мәдениеттен, рухани кемелдіктен басталатынын жақсы түсінді. Сол жолдың қауіпті екенін біле тұра, ұлт мүддесі үшін саналы түрде күрес жолын таңдады.

«Қазақтың оқыған азаматтары қазаққа осындайда қызмет етпегенде, қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?!» деген Әлихан Бөкейханның сөзі Алаш қайраткерлерінің өмірлік ұстанымына айналды. Бұл ұстаным ұлтқа адал қызмет етуді, ана тілін қорғауды, білім беруді, мектеп ашуды және еркін ойлауды қалыптастыруды көздеді. Олар арды қорқыныштан жоғары, ал білімді биліктен қуатты деп таныды.

Әлихан Бөкейханның: «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзі оның бүкіл ғұмырының мәнін айқындады. Ол қай қызметте жүрсе де, қандай қиындық көрсе де халқына адал еңбек етті. Қысым мен қуғынға қарамастан, ұстанымынан таймады. Өз өмірімен айтқан сөзінің ақиқаттығын дәлелдеп өтті.

Саяси қуғын-сүргін жылдарында қаншама адам «халық жауы» атанып, тек өзгеше ойлағаны, әділетсіздікке қарсы тұрғаны үшін жазықсыз жазаға ұшырады. Олардың есімдері тарихтан өшірілмек болды, бірақ халық жадынан өшкен жоқ.

Сол құрбандардың бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Абайдың шәкірті, ойшыл ақын, философ. Ол ашық саяси күреске араласпаса да, ар-ождан мен ақиқатқа негізделген ұстанымы сол дәуірдің озбыр жүйесі үшін қауіпті саналды. Шәкәрім күш көрсету мен зорлық-зомбылықты қабылдамады, бірақ шындықты айтудан ешқашан бас тартқан жоқ. Соның салдарынан сотсыз, тергеусіз атылды.

Шәкәрім мұрасын халқына қайтару жолында талай әрекет жасалғанымен, сол заманның үрейі ұзақ уақыт бойы кедергі болды. Өйткені ол ар туралы, сенім туралы, мәдениет пен рухани еркіндік туралы айтты. Ал мұндай құндылықтар тоталитарлық жүйе үшін ең үлкен қауіп еді.

Ақын Мұхтар Шахановтың «Ар ілімін таратқан Шәкәрім – жадымызда емес, жанымызда» деген сөзі ойшыл мұрасының халық санасындағы орнын дәл бейнелейді.

Егер Алаш қайраткерлері қоғамды саяси және қоғамдық өзгерістер арқылы жаңғыртуды көздесе, Шәкәрім адамды ар-ұждан арқылы кемелдендіруге шақырды. Бұл да үлкен ерлік пен рухани батылдықтың көрінісі болды.

Бүгінде аға буынның ізін жалғаған, тәуелсіз ойлайтын жаңа ұрпақ өсіп келеді. Өткеннің тағылымын бойына сіңірген ел ғана болашағын баянды ете алады.

Сондықтан 31 мамыр – тек аза тұту күні емес. Бұл – тарихи жадымызды жаңғыртып, өткеннен сабақ алатын, ұлттық сананың кемелдігін танытатын маңызды күн. Өткенін ұмытпаған халықтың ғана келешегі нұрлы болмақ.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру