Жас ғалымдардың сараптамалық платформасы
Шәкәрім университетінде жас ғалымдар, магистранттар мен докторанттардың қатысуымен «Жаңа Конституция және Қазақстан ғылымының болашағы» атты кездесу өтті. Іс-шара барысында Конституциялық реформалардың ғылым мен білім саласына ықпалы, сондай-ақ жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетті арттырудағы рөлі талқыланды.
Кездесудің басты мақсаты – Жаңа Конституция аясында ғылым мен білім жүйесінің даму мүмкіндіктерін саралап, жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерді дамытудағы маңызын айқындау болды. Қатысушылар ғылым саласындағы жаңа бастамалар, инновациялық жобаларды қолдау, ғылыми инфрақұрылымды дамыту және зерттеулер сапасын арттыру мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Іс-шара барысында университет ректоры Думан Орынбеков Жаңа Конституция мемлекеттің тұрақты дамуына және ғылыми әлеуеттің нығаюына берік негіз қалайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Конституциялық реформалар Қазақстанда инновациялық экономиканың қалыптасуына және ғылымның стратегиялық маңызын арттыруға жаңа мүмкіндіктер береді.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау бойынша өткен референдум ел тарихындағы маңызды кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл құжат зияткерлік капитал мен ғылыми дамуды мемлекеттің негізгі басымдықтарының біріне айналдырып, ғылымның қоғамдағы рөлін конституциялық деңгейде айқындады.
– «Біз еліміз үшін айтулы сәтте бас қосып отырмыз. Жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өткен референдум – зияткерлік капитал мемлекеттіліктің іргетасына айналатын Қазақстан тарихындағы жаңа тараудың басталуы. Бүгін ғылымның үні ең жоғары мемлекеттік деңгейде айқын естілуде. Жаңа Конституция зерттеушілерді қолдаудың құқықтық негізін қалап, мемлекеттің ғалымдарға деген қамқорлығының тұрақты әрі мызғымас міндеттеме екенін заңды түрде бекітті»,- деді университет ректоры.
Шәкәрім университетінің ғалымдары ғылымның маңызы жоғары мемлекеттік деңгейде танылып отырғанын ерекше атап өтті. Жаңартылған Ата Заң тек құндылықтарды жариялап қана қоймай, ғылыми прогресстің басымдығын айқындайды. Ғылымның рөлін конституциялық деңгейде мойындау – зерттеушілер қауымдастығын қолдаудың стратегиялық әрі ұзақ мерзімді құқықтық кепілі.
Кездесу барысында жас ғалымдардың ғылыми жобаларын жүзеге асыруға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері де талқыланды. Атап айтқанда, гранттық қаржыландыруды арттыру, ғылыми инфрақұрылымды дамыту және жас зерттеушілердің халықаралық ғылыми ортаға интеграциялануына қолайлы жағдай жасау қажеттілігі айтылды.
Осы берік конституциялық негізге сүйене отырып, Шәкәрім университеті жаңа буын зерттеушілерін даярлау миссиясын табандылықпен жалғастырады. Университет ғалымдарының ғылыми әлеуеті еліміздің зияткерлік қуатын арттырып, мемлекетіміздің тұрақты дамуына қызмет етеді.