Мазмұнға өту
Жаңалықтар 23.10.2026 127

Семейден Австралияға дейінгі ғылым жолы

Семейден Австралияға дейінгі ғылым жолы

Шәкәрім университетінде Физика-математика ғылымдары кафедрасының ұйымдастыруымен «Математикадағы замауи зерттеулер: білім алудан ғылымға дейін» тақырыбында академиялық кездесу өтті. Кездесудің қонағы – университет түлегі, Австралиядағы Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің (UNSW Sydney) ғылыми қызметкері Ерлан Несіпбаев.

Академиялық басқосуға кафедра студенттері мен магистранттары, профессорлық-оқытушылар құрамы, сондай-ақ ғалымға білім берген ұстаздары мен ардагер оқытушылар қатысты.

Кездесу барысында заманауи математикалық зерттеулердің өзекті бағыттары, халықаралық академиялық ортадағы ғылыми қызметтің ерекшеліктері, АҚШ пен Австралиядағы жоғары білім алу және халықаралық академиялық ортадағы тәжірибе және жас зерттеушілердің ғылым жолындағы мүмкіндіктері сөз болды.

Ерлан Несіпбаев жоғары білімді Шәкәрім университетінде алып, академиялық ізденісін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жалғастырған. Кейін АҚШ-тағы Иллинойс университетінде (University of Illinois Urbana-Champaign) математика мамандығы бойынша магистр дәрежесін иеленіп, 2025 жылы Австралиядағы Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінде PhD дәрежесін қорғаған.

Қазір Ерлан Несіпбаев UNSW Sydney университетінің Математика және статистика мектебінде ғылыми қызметкер (Research Associate) ретінде профессор Федор Сукачевтің (Fedor Sukochev) ғылыми тобында зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ол коммутативті емес талдау мен операторлар теориясы бағыттарында ғылыми ізденісін жалғастыруда.

Кездесу аясында қатысушылар ғылыми зерттеу бағытын таңдау, шетелдік магистратура және PhD бағдарламаларында білім алу, халықаралық зерттеу топтарымен ынтымақтастық орнату және академиялық мансапты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Кездесу жас зерттеушілерге халықаралық ғылыми тәжірибемен танысып, математика саласындағы кәсіби мүмкіндіктерді бағамдауға мүмкіндік берді.

Жиын соңында университеттің интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректоры Ерасыл Дулатбай Австралияда ғылыми қызмет атқарып жүрген түлекке Шәкәрім университетінің ерекше нышаны саналатын оқу орны алдындағы Шәкәрім ескерткішінің естелік көшірмесін сыйға тартты.

Семейден Австралияға дейінгі ғылым жолы
Семейден Австралияға дейінгі ғылым жолы
Семейден Австралияға дейінгі ғылым жолы
Семейден Австралияға дейінгі ғылым жолы

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру