25 ҚАЗАН – РЕСПУБЛИКА КҮНІ
Шәкәрім университетінің ректоры,
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі
Думан Орынбековтің құттықтауы
Құрметті Шәкәрім университетінің оқытушылары, ғалымдары, қызметкерлері мен студенттері, Шәкәрім жоғары колледжінің ұжымы, Shakarim High School педагогтері мен оқушылары!
Баршаңызды Ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаймын!
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған болатын. Бұл тарихи шешім Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолындағы аса маңызды қадамдардың бірі болды. Ол халқымыздың өз елінің тағдырын өзі айқындауға, даму бағытын таңдауға және болашағын өз қолымен құруға деген құқығын бекітті.
Бүгін халқының азаттығын, білімін және ұлттық қадір-қасиетін өмірлік мұратына айналдырған тұлғаларды ерекше еске алғым келеді. Абай, Шәкәрім, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы… Ал солар сияқты әр дәуірде, тарихтың ең ауыр сынақтары кезеңінде азат халықты, білімді ұлтты, туған жерінің тағдырын өзі шешетін елді армандап өткен қаншама тұлға болды десеңізші!
Бұл арманның артында халқының ар-намысын қорғаған, тілін, мәдениетін, тарихын сақтауға күш салған ойшылдардың, ағартушылардың, ғалымдардың, ақындар мен қоғам қайраткерлерінің тұтас буындары тұр. Олар әртүрлі кезеңде өмір сүрді, қоғамның даму жолдарын да әрқалай пайымдады. Алайда, бәрін біріктірген ортақ мұрат – өз халқының тағдыры мен келер ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік еді. Олардың көпшілігі тәуелсіздік таңын көре алмады. Бірі өз ұстанымы үшін бостандығынан айырылса, енді бірі өмірін қиды.
Бүгін Республика күнін атап өте отырып, халқымыз жүріп өткен тарихи жолдың ауқымын айрықша терең сезінеміз. Алдыңғы буын армандаған құндылықтар бүгін біздің күнделікті өміріміздің шындығына айналды. Егемен мемлекетіміз, өз ұлттық институттарымыз, университеттеріміз бен ғылыми орталықтарымыз бар. Қазақстандық жастар әлемнің жетекші университеттерінде білім алып жүр. Ғалымдарымыз жаңа білім қалыптастырып, ғылыми жаңалықтар ашуда. Ал өсіп келе жатқан ұрпақ өз елін тәуелсіздіктен тыс елестете де алмайды.
Дегенмен осынау мереке күні өзіме бір сұрақ қойғым келеді: егер сол ұлы тұлғалар бүгінгі Қазақстанды көрсе, не айтар еді? Егер олар бүгін арамызда болып, тәуелсіз мемлекетімізді, университеттерімізді, мектептерімізді, ғылыми орталықтарымызды көрсе, Республика күні олар үшін қандай мәнге ие болар еді? Өз мамандығын еркін таңдап, түрлі елдерде білім алып, ғылыми зерттеулер жүргізіп, жаңа технологиялар жасап жүрген жастарды, өздері тек армандай алған мүмкіндіктерге қол жеткізген ұрпақты көргенде қандай сезімде болар еді?
Менің ойымша, олар бүкіл ғұмырын арнаған асыл мұраттарының көпшілігі жүзеге асқанын көрер еді. Бірақ бізге басқа сауал қоятындары анық: ғылым мен білімді дамыту, тіліміз бен мәдениетімізді сақтау, әділеттілік пен қоғамдық сенімді нығайту үшін жеткілікті іс атқардық па? Қол жеткізген азаттығымыздың қадірін қаншалықты түсініп жүрміз? Мүмкіндіктерімізді қалай пайдаланып жатырмыз? Болашақ ұрпақ үшін не істеп келеміз?
Өйткені азаттық туралы арман егемендікке қол жеткізумен аяқталмайды. Ол Қазақстанның қандай мемлекетке айналып келе жатқаны, біз қалыптастырып жатқан қоғамның болмысы және келер ұрпаққа қандай ел қалдыратынымыз арқылы жалғасын табады.
Олар үшін Тәуелсіздік өздері күрескен болашақ еді. Біз үшін ол –жауапкершілік жүгін арқалаған бүгінгі күніміз.
Ұлы Шәкәрім Құдайбердіұлының қазір де айрықша мәнге ие мынадай өсиеті бар:
«Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны біл».
Осы жолдарда азаматтық борыштың бүгінгі заман үшін де аса өзекті мәні жатыр. Азаттық ар-ожданды, тәуелсіздік жауапкершілікті талап етеді. Ал Отанға деген сүйіспеншілік, ең алдымен, адамның ісінен, айналасындағы адамдарға, өз халқына және елінің болашағына деген қарым-қатынасынан көрінеді.
Бүгінде Қазақстан ауқымды міндеттерді жүзеге асыруда: экономика мен ғылымды дамытып, жаңа технологияларды енгізіп, мемлекеттік институттарды нығайтып, жас ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруда. Бұл өзгерістердің барлығы қаржы мен мемлекеттік шешімдерді ғана емес, қоғамның кемелдігін, кәсібилікті, азаматтық бастамашылдықты және әр адамның ел дамуына қатысуға дайындығын талап етеді.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі ретінде осы өзгерістердің негізінде әділеттілік, заң үстемдігі, қоғамдық сенім және адамға деген құрмет жатуы айрықша маңызды деп санаймын. Күшті мемлекет ашық әрі мазмұнды диалог жүргізе алатын, түрлі пікірді тыңдайтын, маңызды шешімдерді қабылдауға қатысып, олардың нәтижесі үшін ортақ жауапкершілікті бөлісетін қоғамсыз қалыптаса алмайды.
Түптеп келгенде, Қазақстанның болашағы әрқайсымыздың ел дамуындағы өз орнымызды қаншалықты терең түсінетінімізге, жеке мүддемізді қоғамдық мүддемен ұштастыра білуімізге және ортақ іске нақты үлес қосуға дайындығымызға да байланысты.
Білім мен ғылым саласының өкілдері ретінде біздің ерекше миссиямыз да осында.
Shakarim High School қабырғасында өз қабілеттерін енді танып, жеке көзқарасын қалыптастырып, өмірлік жолын таңдай бастаған ұрпақ өсіп келеді. Шәкәрім жоғары колледжінің жастары мамандық меңгеріп, практикалық дағдыларын жетілдіріп, дербес кәсіби өмірге дайындалуда. Ал Шәкәрім университеті студенттері, оқытушылары мен ғалымдары жаңа білім қалыптастырып, ғылыми зерттеулер жүргізіп, қоғам мен экономикаға нақты пайда әкеле алатын жобалар мен технологияларды әзірлеуде.
Мұның бәрі – Қазақстанның болашақ ұрпағын қалыптастыратын біртұтас білім беру жүйесінің өзара сабақтас буындары.
Біз ертең ел экономикасын, ғылымы мен мәдениетін дамытатын, жаңа өндірістер құрып, технологияларды жетілдіретін, маңызды шешімдер қабылдап, мемлекетіміздің алдағы даму бағытын айқындайтын жастармен жұмыс істейміз. Сондықтан білім сапасы, кәсіби даярлық, дербес ойлау қабілеті, адамгершілік ұстанымдар мен жастарға сіңіретін құндылықтарымыз ерекше маңызға ие.
Қазақстанның он, жиырма, елу жылдан кейін қандай ел болатыны көп жағдайда аталған міндеттерді қаншалықты жауапкершілікпен атқаратынымызға, жастардың қабілетін аша білуімізге, бастамаларын қолдауымызға, олардың бойында еңбекке, білімге және адамдық қадір-қасиетке құрмет қалыптастыруымызға байланысты.
Мұның бәрі Абай мен Шәкәрімнің туған жерінде айрықша терең сезіледі.
Семей мен Абай облысы үшін олардың мұрасы – бүгінгі өмірмен сабақтасқан рухани-адамгершілік және зияткерлік негіз. Бұл өлке Қазақстанға ойлары өз дәуірінің шеңберінен әлдеқайда асып кеткен көрнекті ойшылдарды, ағартушыларды және қоғам қайраткерлерін сыйлады. Бүгінде осы мұра бізге білімді, ғылым мен мәдениетті дамыту, жаңа жаңалықтар ашуға жағдай жасау, дербес ойлайтын, жауапты шешім қабылдай алатын және қоғам игілігі үшін қызмет ететін адамдарды тәрбиелеу міндетін жүктейді.
Біз туған жеріміздің ұлы тарихына ғана емес, тәуелсіз Қазақстан алдымыздан ашып отырған мүмкіндіктерге де лайық болуға тиіспіз.
Халқының азаттығын армандаған ұрпақтар бізге ұлы рухани және зияткерлік мұра қалдырды. Ал бізге тәуелсіз мемлекетте өмір сүру бақыты және оны одан әрі қуатты, білімді, әділетті әрі әл-ауқаты жоғары елге айналдыру жауапкершілігі бұйырды.
Елімізде әрдайым бейбітшілік пен келісім салтанат құрсын! Әр шаңырақта береке-бірлік, ертеңгі күнге сенім және жаңа жетістіктердің қуанышы болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, бақыт, қажымас күш-жігер және Отанымыздың игілігі жолындағы жаңа табыстар тілеймін!
Республика күні құтты болсын!
Құрметпен, Думан Орынбеков