Республика күні – елдік пен бірліктің мерекесі
Шәкәрім университетінде 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Ұлттық мерекеге арналған жиын ел тарихындағы маңызды кезеңнің мәнін ұлықтап, тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеуге, университет қауымдастығының жетістіктерін атап өтуге арналды.
Мерекелік іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Әнұранды Анаргүл Сәткенова жетекшілік ететін университеттің музыкалық білім алушыларының хор ұжымы орындады.
Салтанатты жиында университет ректоры – Басқарма төрағасы Думан Орынбеков құттықтау сөз сөйлеп, Республика күнінің тарихи маңызына, елдің дамуындағы білім мен ғылымның рөліне және университет қауымдастығының жауапкершілігіне тоқталды.
Ректор өз сөзінде 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның тарихи маңызын атап өтіп, оның Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашқанын жеткізді. Сондай-ақ елдің бүгінгі жетістіктері ғылым мен технологияның дамуына, білімді азаматтардың әлеуетіне және қоғам алдындағы ортақ жауапкершілікке байланысты екенін айтты.
«Бүгінгі Қазақстан – білім мен интеллектінің, ғылым мен технологияның маңызы артып отырған ел. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларында да адами капиталды дамытуға, ғылымды қолдауға және жоғары білім сапасын арттыруға басымдық беріліп келеді. Бұл – университеттерге жүктелген үлкен жауапкершілік. Біз сол сенімге лайық болуға тиіспіз. Білімді тәжірибемен ұштастырып, ғылымның нәтижесін нақты іске айналдырып, жастардың қабілетін ашуға жағдай жасауымыз керек.
Бүгінде Шәкәрім университеті осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біз халықаралық академиялық және ғылыми кеңістікке кірігіп, шетелдік жетекші университеттермен әріптестікті дамытып, бірлескен зерттеулерге қатысып жүргенімізді бәріңіз білесіздер. Бұған осы айда Корея мен Түркиянің әлемдегі беделді оқу орындарымен жасалған жеті меморандум дәлел»- деді Думан Рымғалиұлы.
Ректор ардагер ұстаздарға ерекше алғыс білдіріп, олардың елдің қалыптасу кезеңдеріндегі еңбегі мен кейінгі ұрпаққа берер өнегесін атап өтті. Сонымен қатар Абай мен Шәкәрімнің рухани мұрасын университеттің құндылықтық негізі ретінде айқындап, білімді, еркін ойлайтын, өз ісіне жауапты әрі ел дамуына үлес қоса алатын азаматтарды тәрбиелеудің маңызын жеткізді.
Республика күніне орай университеттің бірқатар қызметкеріне кәсіби жетістіктері мен білім және ғылым саласына қосқан үлесі үшін түрлі марапаттар табысталды.
Экономика және қаржы кафедрасының аға оқытушысы Жібек Абылқасымова «Жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Ал Экономика және қаржы кафедрасының аға оқытушысы Жания Кажиева мен Биоинженерлік жүйелер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Болат Кабулов «Шәкәрім» медаліне ие болды.
Сондай-ақ университет қызметкерлеріне Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломы және «Ғылым үздігі» құрмет дипломы табысталды.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Университеттің шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары ұлттық музыка мен дәстүрлі өнердің бай мұрасын көпшілік назарына ұсынды.
«Шыңғыстау» фольклорлық ансамблінің орындауындағы күйлер көрерменге ерекше мерекелік көңіл күй сыйласа, «Өнер» кафедрасының оқытушысы, университеттің құрметті профессоры Қайрат Қабышевтің орындауындағы «Ақерке-Ақжайық» әні кештің сәнін кіргізіп, тыңдарманның жүрегіне жылу ұялатты.
Кеш барысында «Өнер» кафедрасының оқытушысы Ақмарал Мыңбаева бастаған қыздар квартеті «Теріскей» әнін шырқап, «Наркескен» ақындар орталығының мүшелері өлең оқыды. «Айнамкөз» би тобының өнері де ұлттық мерекенің әрін кіргізді.
Республика күніне арналған салтанатты жиын елдік құндылықтарды дәріптеп, білім мен ғылымды дамытуға үлес қосып жүрген университет қауымдастығының бірлігі мен ортақ мақсатын айқындаған тағылымды мерекеге айналды.