Мазмұнға өту
Жаңалықтар 28.10.2026 56

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау – ортақ міндет

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау – ортақ міндет

Президент Жолдауы-2026

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» тақырыбындағы кезекті Жолдауын жариялады. Ел дамуының алдағы басымдықтарын айқындаған Жолдауды Шәкәрім университетінің ұжымы да тікелей эфирден тыңдап, онда көтерілген мәселелерге назар аударды.

Президент өз сөзінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын, күрделі геосаяси ахуал жағдайындағы ұлттық мүдделерді қорғау міндеттерін және мемлекеттің ұзақ мерзімді даму бағдарларын саралады. Жолдауда экономиканың орнықтылығын қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және елдің стратегиялық әлеуетін нығайту мәселелері қамтылды.

Мемлекет басшысы қазіргі әлемдік жағдайдың күрделене түскеніне тоқталып, ел тәуелсіздігі мен қоғамдық келісімді сақтау, ішкі тұрақтылықты нығайту және заң үстемдігін қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттері болып қала беретінін атап өтті. Халықаралық сенім дағдарысы күшейіп, жаһандық өзгерістер жаңа сын-қатерлер туындатқан кезеңде Қазақстанның бірлігі мен тұрақтылығын сақтау, ұлттық мүддені қорғау және заман талабына сай даму айрықша маңызға ие.

«Біздің алдымызда бір үлкен мақсат тұр – әділ, қуатты, таза, ілгерішіл Қазақстанды құру. Заман сын-қатерлеріне берілер бір ғана дұрыс жауап – Қазақстанның болашақ сәулетін қалыптастыра отырып, стратегиялық озаттық режимінде жұмыс істеу»,- деді Президент.

Жолдауда реформалардың түпкі нәтижесі азаматтардың күнделікті өмірінен көрініс табуы қажеттігіне ерекше мән берілді. Осы тұрғыдан алғанда, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру, өңірлердің дамуына серпін беру және мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалану негізгі басымдықтардың қатарында тұр.

Мемлекет басшысы экономикалық әлеуетті нығайту мәселесіне де тоқталды. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтап, жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады деп күтілуде. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің дамуы экономиканы әртараптандыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі ретінде атап өтілді.

Елдің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделген. Бұл қаражат әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салуға және жаңартуға бағытталмақ.

Жолдауда ұсынылған «Халықтық құрылыс» бастамасы да осы мақсаттарды жүзеге асыруға арналған. Жоба аясында өңірлерде газ желілерін тарту, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету, коммуналдық желілерді жаңарту, жолдар мен әлеуметтік нысандар салу көзделеді. Бұл бастамалар елді мекендердің тұрмыс жағдайын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қалаларды дамытудың орта және ұзақ мерзімді жоспарларын әзірлеу, инженерлік және көлік инфрақұрылымын цифрландыру, әлеуметтік нысандарға деген қажеттілікті жан-жақты бағалау міндеттерін белгіледі. Мұндай қадамдар өңірлерді кешенді дамытуға, қолда бар ресурстарды тиімді басқаруға және азаматтарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Президент Жолдауында айқындалған міндеттер елдің алдағы даму бағдарын белгілеп қана қоймай, мемлекеттік органдарға, білім беру ұйымдарына және қоғамның барлық саласына ортақ жауапкершілік жүктейді. Ал оларды жүйелі жүзеге асыру Қазақстанның тұрақты дамуына, ұлттық әлеуетінің нығаюына және азаматтардың әл-ауқатының артуына негіз болмақ.

Инклюзивті білім беру: Президент тапсырмасы және университет тәжірибесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау және осы саладағы мамандар тапшылығын азайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Президент бұл бағыттағы инфрақұрылымды жетілдіру, балалардың қажеттіліктерін ерте анықтау және сапалы білім алуына мүмкіндік жасау жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін атап өтті.

Бүгінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау – білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл ретте білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтумен қатар, білікті педагогтер мен арнайы мамандар даярлау, олардың кәсіби құзыреттілігін арттыру да айрықша маңызға ие.

Шәкәрім университетінде инклюзивті білім беруді дамыту және осы салаға қажетті мамандар даярлау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басында университет ректоры Думан Орынбековтің бастамасымен №3 оқу ғимаратында «Инклюзивті білім беруді дамыту ресурстық орталығы» ашылған болатын.

Орталық болашақ педагогтердің кәсіби даярлығын жетілдіруге, инклюзивті білім беру тәжірибесін меңгеруіне және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Мұнда бейімделген оқу кеңістігі, инклюзивті практикаға бейімделген кәсіби даярлық кабинеті, «Balance Space» психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті және инклюзивті білім берудің ресурстық кабинеттері жұмыс істейді.

Орталықтың оқу кеңістігінде студенттер логопедия, арнайы педагогика, инклюзивті білім беру және түзете-дамыту педагогикасы бағыттары бойынша алған білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Сонымен қатар балалардың сенсорлық, коммуникативтік және когнитивтік қабілеттерін дамытуға арналған арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету, диагностикалық құралдар мен дидактикалық материалдар қолданылады.

Бұл мүмкіндіктер болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттырып қана қоймай, олардың әр баланың жеке ерекшеліктері мен білім алу қажеттіліктерін ескеріп жұмыс істеуіне негіз қалайды.

Президент Жолдауында көтерілген міндеттер аясында инклюзивті білім беру ортасын жетілдіру, мамандар даярлау сапасын арттыру және білім алуға тең мүмкіндік қалыптастыру жұмыстарының маңызы арта түседі. Шәкәрім университетінің ресурстық орталығы – осы бағыттағы білім беру мен практикалық даярлықты ұштастыратын маңызды алаң.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау – ортақ міндет
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау – ортақ міндет
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау – ортақ міндет
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау – ортақ міндет
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау – ортақ міндет

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру