Мазмұнға өту
Жаңалықтар 05.10.2026 41

Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа жоба

Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа жоба

Семейде жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған «Жас ғалымдар шеберханасы» жобасы өз жұмысын бастады.

Абай облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған жаңа жобаның мақсаты – жастардың зерттеу мәдениетін қалыптастыру, ғылыми ізденіс жүргізудің заманауи әдістерін меңгерту және олардың өзекті мәселелер бойынша дербес зерттеу жүргізуіне мүмкіндік жасау.

Шәкәрім университетінің базасында өткен жобаның ашылу салтанатына Абай облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Олжас Бейсенбаев, Ғылым комитеті Экономика институтының «Zertteu Lab» зертханасының меңгерушісі Айсұлу Молдабекова, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және мемлекеттік басқару саласының сарапшылары қатысты.

Жобаға өңіріміздегі жоғары оқу орындары мен М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің жас зерттеушілері қатысады. Жоба аясында жас зерттеушілерге арнайы дәрістер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Атап айтқанда, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әйгерім Әбдірашитова, «Zertteu Lab» зертханасының меңгерушісі Айсұлу Тұрсынбайқызы мен коммуникациялар, медиа және басқару саласындағы зерттеуші Рашид Кемелбек дәріс оқиды.

Екі аптаға жоспарланған «Жас ғалымдар шеберханасы» төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: ауыл шаруашылығы және тағам қауіпсіздігі; медицина және экология; мемлекеттік басқару, заң және заманауи технологиялар; педагогика және гуманитарлық ғылымдар.

Ашылу жиынында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов жас ғалымдарға сәттілік тілеп, жобаның ғылымға енді қадам басқан жастар үшін маңыздылығына тоқталды.

Оның айтуынша, жоба аясында қатысушылар зерттеу жүргізудің әдіс-тәсілдерін меңгеріп қана қоймай, ғылыми ізденіске қажетті практикалық дағдыларын жетілдіреді. Бұл өз кезегінде өңір үшін өзекті мәселелерді зерттеп, ғылыми тұрғыдан негізделген жаңа шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.

«Жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осындай жобалар арқылы жастар зерттеу мәдениетін меңгеріп, жаңа ғылыми ізденістерге жол ашады деп сенеміз. Ал олардың еңбегі тек Абай облысының ғана емес, республикалық деңгейдегі өзекті мәселелердің шешімін табуға үлес қосатын ғылыми жаңалықтарға ұлассын»,- деді Нұрбек Серікұлы.

Абай облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Олжас Бейсенбаев өңірде ғылымды дамытуға және жастардың ғылыми әлеуетін ашуға бағытталған жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.

«Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің «Қуатты Қазақстан құру идеясы» мақаласында жоғары оқу орындары тек маман даярлайтын білім ордасы емес, жаңа білім мен технология қалыптастыратын ғылыми орталық болуы керек екені айтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің облыста да жүйелі жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарда ғылымды дамытуға, жастардың әлеуетін ашуға бағытталған жұмыстар атқарылуда»,- деді Олжас Түсіпбекұлы.

Жоба барысында қатысушылар зерттеу мәселесін анықтау, сандық және сапалық деректерді жинау және талдау, академиялық жазылым және зерттеу әдебін меңгеру, ғылыми мақала мен жобалық өтінім әзірлеу, ғылыми нәтижені жүйелеу және оны таныстыру бағыттары бойынша тәжірибелік білім алады.

Жоба нәтижесінде жас зерттеушілердің өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерделеп, қоғам мен өңір дамуына қажетті жаңа идеялар мен шешімдер ұсынуына мүмкіндік беріледі.

Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа жоба
Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа жоба
Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа жоба
Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа жоба

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру