Жаңа дәрісхана: қылқалам иесіне құрмет
Шәкәрім университетінің «Өнер» кафедрасында Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы мен Дизайнерлер одағының мүшесі, ұзақ жылдар бойы университетте аға оқытушы болып еңбек еткен, сондай-ақ Суретшілер одағының Семей қаласындағы филиалын басқарған белгілі суретші Тілеуғазы Рахымұлы Жұбанышевтың есімі берілген дәрісхана салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатына университет басшылығы мен профессорлық-оқытушылар құрамы, суретшінің отбасы мүшелері, әріптестері мен курстас достары қатысты.
Өнер кафедрасының аға оқытушысы Құралай Абдуллинаның айтуынша, кабинет оқу үдерісіне қажетті материалдармен қамтылған. Мұнда сызба геометриясы, түстану, композиция, сурет және кескіндеме бағыттары жүйеленіп берілген. Әдістемелік реттілік сақталған стендтер білім алушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған.
Дәрісхана қабырғаларының өзі үнсіз сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады. Бір қабырғада Тілеуғазы Рахымұлының көзі тірісінде қылқаламынан туған туындыларының көшірмелері қойылса, келесі бөлікте студенттердің үздік жұмыстары орналастырылған. Бұл – өнер сабақтастығының, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани жалғастықтың көрінісі.
Кабинетті безендірудегі тағы бір тың шешім – натурамен жұмыс жасауға арналған арнайы драпировка жүйесінің енгізілуі. Перде тәрізді түсіріліп, қажетіне қарай ауыстырылатын бұл жүйе студенттердің кәсіби машығын жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар арнайы жарықтандыру шамдарының орнатылуы шығармашылық орта қалыптастыруға ерекше ықпал етеді.
Жаңа дәрісхананың жасақталуына университет ұжымы ғана емес, марқұм суретшінің студенттік шақтағы курстас достары да атсалысты. Олар өткен ғасырдың сексенінші жылдары Н.Крупская атындағы педагогикалық институттың көркемсурет-графика факультетінде бірге білім алып, өмірлік достықтарын берік сақтаған жандар. Дәл осы достық пен құрметтің белгісіндей олар кабинетті жабдықтауға өз үлестерін қосты. Дәрісханадағы жаңа мольберттер мен орындықтар – суретшінің достарының тартуы. Осындай қамқорлық пен жанашырлықтың арқасында бүгінгі білім алушылар жайлы әрі шабытқа толы ортада білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Ерекше атап өтерлігі – дәрісхананың тұжырымдамасы мен көркемдік шешімі толықтай кафедраның дизайнерлік мамандығын тәмамдаушы түлектердің дипломдық жұмыстары аясында жүзеге асырылған. Осы арқылы жас дизайнерлер кәсіби шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, ұстазға деген құрметін шығармашылық еңбекпен жеткізе білген.
Дәрісхана мазмұны да терең ойластырылған. Мұнда Тілеуғазы Рахымұлының өмірі мен шығармашылық жолына қатысты деректер, оқу үдерісіне қажетті әдістемелік материалдар, бейнелеу өнерінің іргелі бағыттары бойынша ақпараттар жинақталған.
Тілеуғазы Рахымұлы – кескіндеме мен графика өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған көпқырлы суретші. Оның шығармашылығында портрет пен пейзаж жанры айрықша орын алады. Суретшінің портреттік галереясында абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың, Абайдың шәкірті Көкбай Жанатайұлының, профессор Мазвакас Мырзахановтың және өзге де тарихи тұлғалардың бейнелері көркемдік шеберлікпен бейнеленген.
Тілеуғазы Жұбанышев атындағы дәрісхана – өткенге құрмет пен болашаққа сенімнің белгісі. Саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беруге арнап, өнерге адал қызмет еткен тұлғаның есімі енді жас суретшілердің шығармашылық жолына бағыт беретін рухани кеңістікпен бірге жасай бермек.
Кездесу естелік әңгімелерге ұласып, қатысушылар Тілеуғазы Рахымұлының жарқын бейнесін еске алды.