«Ветеринария» бағыты бойынша алғашқы PhD диссертация қорғалды
Бүгін Шәкәрім университетінде ветеринария ғылымдары саласындағы маңызды ғылыми оқиға орын алды. Shakarim Lab ғылыми қызметкері Эльмира Сайлаубайқызы Абдуллина 8D09102 – «Ветеринариялық санитария» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін диссертациялық жұмысын сәтті қорғады.
Аталған қорғау Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №2149 бұйрығымен бекітілген және Шәкәрім университетінің ішкі бұйрығы негізінде құрылған 6D120100 «Ветеринарлық медицина» и 6D120200 «Ветеринарлық санитария» білім беру бағдарламалары бойынша 8D091 «Ветеринария» бағыты диссертациялық кеңесінде өтті. Бұл – аталған бағыт бойынша құрылған диссертациялық кеңесте алғаш рет өткен Shakarim University диссертация қорғауы. Бұл университеттің ғылыми әлеуетінің артып келе жатқанын және ветеринария ғылымдары бағытындағы зерттеу жұмыстарының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Қорғауға ұсынылған диссертациялық жұмыстың тақырыбы – «Қазақстанның шығыс өңіріндегі ірі қара малдың моракеллез ауруының эпизоотологиялық мониторингі және ветеринариялық-санитариялық іс-шаралары». Зерттеу жұмысы Қазақстанның шығыс өңіріндегі ірі қара мал арасында кездесетін моракеллез ауруының таралу ерекшеліктерін зерделеуге, оның эпизоотологиялық жағдайын бағалауға және ветеринариялық-санитариялық шараларды жетілдіруге бағытталған. Аталған зерттеу ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен мал шаруашылығындағы аурулардың алдын алу ісінде маңызды ғылыми және практикалық мәнге ие.
Диссертациялық жұмыстың ғылыми кеңесшілері ретінде Шәкәрім университетінің «Ветеринария» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты Айнұр Темешқызы Серікова, осы кафедраның доценті, ветеринария ғылымдарының кандидаты Абдрахман Нұрмағамбетұлы Байғазанов, сондай-ақ Ресей ғылым академиясының Сібір агробиотехнологиялар федералдық ғылыми орталығының профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы Николай Алексеевич Шкиль ғылыми жетекшілік жасады.
Эльмира Сайлаубайқызының ғылыми жұмысты сәтті қорғауы Шәкәрім университетінің ветеринария ғылымдары бағытындағы ғылыми кадрларды даярлаудағы әлеуетін айқындайды.
Жас ғалымды маңызды ғылыми жетістігімен құттықтай отырып, алдағы ғылыми қызметіне табыс тілейміз.