Өзара құрмет – ел бірлігінің негізі
Республика күні қарсаңында Шәкәрім университетінде «Шығыс-Батыс: өзара құрмет аумағы» ғылыми семинары өтті. Іс-шара тілдік және этностық белгілер бойынша кемсітушіліктің алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамдық келісімді нығайту мәселелеріне арналды.
Іс-шара «Актуалды саясат институты» қоғамдық қорының Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобасы негізінде ұйымдастырылды. Жобаның басты мақсаты – Қазақстанның шығыс және батыс өңірлері тұрғындарының тілдік және этностық кемсітушілікке жол бермеу мәселелері бойынша құқықтық сауаттылығын арттырып, этносаралық келісімді нығайту.
Семинарды Шәкәрім университетінің стратегия және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Асқар Қасымов алғысөзбен ашты.
Жоба үйлестірушісі, «Актуалды саясат институты» қоғамдық қоры директорының орынбасары Қазбек Майгелдинов ел бірлігін сақтау, ұлтаралық алауыздықтың алдын алу және әлеуметтік желілерді жауапкершілікпен пайдалану мәселелеріне тоқталды. Ол жастарды әлеуметтік желілерде пікір білдіру мен ақпарат тарату кезінде жауапкершілік танытуға шақырып, қоғамдық келісімге нұқсан келтіретін әрекеттердің алдын алудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жүргізілген мониторинг нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында интернет кеңістігінде алауыздық тудыру белгілері бар 425 материал анықталып, 198 хат құқық қорғау органдарына жіберілген.
«Актуалды саясат институты» қоғамдық қорының заңгері Азамат Бишенов кемсітушілік пен тілдік өшпенділік ұғымдарын түсіндіріп, олардың алдын алудың заңдық негіздерімен таныстырды. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік деңгейлері, сын айту мен заңға қайшы әрекеттің аражігін ажырату мәселелерін қарастырды. Баяндамашы статистикалық деректерге сүйене отырып, тілдік және этностық белгілер бойынша кемсітушіліктің алдын алуда құқықтық сауаттылық пен азаматтық жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
Семинар барысында қоғамдағы келіспеушіліктердің алдын алу, әлеуметтік желілерде әдеп сақтау, әр адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу мәселелері талқыланды.
Семинар аясында студенттер арасында тақырыптың мазмұнын тереңірек түсінуге, құқықтық сауаттылықты арттыруға және өзара құрмет құндылықтарын дәріптеуге бағытталған зияткерлік квест ойындары ұйымдастырылды.