Мазмұнға өту
Жаңалықтар 05.10.2026 27

Ұстаз – келешек көшін бастайтын көшбасшы

Ұстаз – келешек көшін бастайтын көшбасшы

Shakarim University ректоры Думан Орынбековтің құттықтау сөзі

Құрметті ұстаздар!

Құрметті педагогикалық еңбек ардагерлері!

Әріптестер!

Биыл Дүниежүзілік мұғалімдер күнінің мәні айрықша.

Осыдан тура 60 жыл бұрын, 1966 жылғы 5 қазанда Халықаралық еңбек ұйымы мен UNESCO-ның Мұғалімдердің мәртебесі туралы ұсынымы қабылданды. Бұл құжат педагогтің мәртебесіне, құқықтары мен жауапкершілігіне, кәсіби даярлығы мен еңбек жағдайларына қатысты халықаралық қағидаттарды бекітті.

Бүгінде, арада алпыс жыл өткенде, осы құжат қайта қаралып жатыр. Мұғалім еңбек ететін әлем өзгерді. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект, көші-қон, инклюзия және әлеуметтік өзгерістер мектеп пен педагогтің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Сондықтан 2026 жылғы Дүниежүзілік мұғалімдер күнінің тақырыбы ұстаз кәсібінің мәртебесіне және оның болашағымызды қалыптастырудағы рөліне арналған.

Осы ауқымды халықаралық талқылауға бүгінде қалыптасып, өзін сенімді таныта білген Shakarim Group тұрғысынан қарауды маңызды деп санаймын.

Жаңа оқу жылы өз ырғағына енді. Shakarim High School-ға жаңа оқушылар келді. Shakarim Higher College білім алушыларын қабылдады. Shakarim University-де 2630-ға жуық бірінші курс студенті оқуын бастады.

Алдымызда білім берудің үш сатысы және әртүрлі жастағы мыңдаған жас бар. Алайда осы үлкен жолдың бастауында бір тұлға тұр - Ұстаз.

Адам мектепте алғаш рет өз бетінше жұмыс істеуді, сұрақ қоюды, өз көзқарасын қорғауды, жетістік пен сәтсіздікті қабылдауды, жасаған ісіне жауап беруді үйренеді. Оның еңбекке, білімге, басқа адамдарға және өзіне деген қатынасы осында біртіндеп қалыптасады.

Бірнеше жылдан кейін сол оқушы колледждің немесе университеттің аудиториясына келеді. Біз оның білімін, мінезін, дербестігін және өзгелермен бірге жұмыс істеу қабілетін көреміз. Мұның бәрі көп жағдайда бұған дейін басталған үлкен еңбектің жалғасы болады.

Сондықтан мен үшін Shakarim Group — білім беруді адамның қалыптасуындағы ұзақ жол деп танудың бірден-бір мүмкіндігі

Бүгінгі оқушы – ертеңгі студентіміз, маман, зерттеуші, ата-ана, азамат. Өмірінің әрбір келесі кезеңінде Ұстаздың бойына сіңірген білімі мен тәрбиесі онымен бірге қалады.

Сол себепті мұғалім мәртебесі туралы мәселе тек оның кәсіби еңбегін мойындаумен ғана шектелмейді, оның ауқымы әлдеқайда кең. Мәртебе қоғамның педагогке сеніп тапсырған жауапкершілігінің ауқымымен айқындалады. Қазіргі уақытта бұл жауапкершілік ерекше жоғары.

Білімге қол жеткізу мүмкіндігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Жасанды интеллект санаулы секундта ақпарат табады, мәтін жазады, есептеулер жүргізеді, дайын жауаптар ұсынады. Бала бұрынғыдан әлдеқайда жылдам өзгеретін ақпараттық ортада өсіп келеді.

Осындай жағдайда мұғалім еңбегінің мазмұны тереңдей түседі. Ол балаға оқығанын түсінуді, ақпаратты тексеруді, себеп-салдарлық байланыстарды көруді, өз ұстанымын қалыптастырып, дәлелдеуді, шешім қабылдауды және оның салдарын ұғынуды үйретуге тиіс. Уақыт Ұстаздан адамға барған сайын күрделеніп келе жатқан әлемде жол көрсетуді талап етеді. Демек, педагогтің өзі де өзгереді. Ол білімін үнемі жаңартады, технологияларды меңгереді, жаңа ұрпақтың ерекшеліктерін түсінеді, жұмыстың жаңа тәсілдерін іздейді. Сонымен бірге осы кәсіптің қашан да негізі болған құндылықты – өзге адамның дамуына деген жеке жауапкершілігін сақтайды.

Тарихи ұсыным қабылданғаннан кейін 60 жыл өткенде әлемнің мұғалім мәртебесін, оның кәсіби дербестігін, шешім қабылдау кезіндегі пікірінің ескерілуін, жүктемесін, еңбек жағдайларын және үздіксіз даму мүмкіндіктерін қайта талқылауының себебі де осында. UNESCO мұғалімді қолдауды білім беру жүйесінің сапасымен тікелей байланыстырады.

Біз үшін де бұл мәселе нақты қойылуға тиіс. Мұғалімнің кәсіби өсуіне қандай мүмкіндіктер беріліп отыр? Оның дамуына қажетті уақыты мен ортасы бар ма? Кәсіби пікіріне қаншалықты құлақ асамыз? Жаңа білім мен технологиялар сыныпқа қаншалықты жылдам жетеді? Мектеп білікті мұғалімнің шеберлігін одан әрі шыңдауына қаншалықты көмектеседі?

Бұл – білім беру жүйесі басшыларының жауапкершілігі. Өйткені кәсіптің жоғары мәртебесі мектепті дамытуда мұғалімге өзіміз қандай орын беретінімізге де байланысты қалыптасады. Осы тұста педагогикалық еңбек ардагерлерінің тәжірибесі ерекше маңызды.

Әрбір жаңа ұрпақ басқа кезеңде өмірге келеді. Ал ұстаздықтың кәсіби мәдениеті ондаған жыл бойы қалыптасады. Онда білім, әдістеме, талапшылдық, баланы түсіну, оның мүмкіндіктерін көре білу қабілеті және мыңдаған адамның тағдырына қатысты тәжірибе жинақталады.

Бүгінде осы сабақтастықтың құндылығы арта түсуде. Біз қазір жаңа технологиялар, жасанды интеллект және білім берудің заманауи модельдері туралы көп айтамыз. Алайда, білімнің болашағына қатысты қаншама пікірталас болса да, ең басты сұрақ өзгеріссіз қала береді: ертеңгі күнге баланы кім жетелейді? Жауап бұрынғыдай, бүгінгідей және болашақта да өзгермейді — ол Ұстаз.

Алпыс жыл бұрын халықаралық қоғамдастық оның кәсіби мәртебесінің негізгі қағидаттарын бекітті. Бүгінде уақыт бізден ұстаз рөлінің ауқымын тереңірек түсінуді талап етіп отыр. Өйткені бірнеше жылдан кейін бүгінгі оқушы студент болады. Одан соң маман атанады. Кейін өзі шешім қабылдайды, жаңа дүниелер жасайды, өзгелерді оқытады, отбасы, кәсібі және қоғам алдындағы жауапкершілікті өз мойнына алады. Осы үлкен жол көп жағдайда оған алғаш рет: «Ойлан, ізден, байқап көр, өз таңдауыңа жауап бер»-деген адамнан басталады.

Қымбатты әріптестер!

Сіздерді Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен құттықтаймын!

Сіздерге денсаулық, қажыр-қайрат, оқушылар мен ата-аналардың құрметін және шәкірттеріңіздің сіздермен бірге өсіп, жетілгенін көретін мүмкіндік тілеймін.

Ал еңбектеріңіздің ең жоғары бағасы жылдар өткенде бойынан сіздердің білімдеріңіз, талапшылдықтарыңыз және олардың мүмкіндіктеріне деген сенімдеріңіз көрініс табатын шәкірттеріңіз болсын.

Құрметпен, Думан Орынбеков

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру