Университет пен ұлттық тұрақтылық: әлемдік білім алаңы нені аңғартты?
Думан Орынбеков, Shakarim University ректоры
Лондонда өткен халықаралық BETT (British Educational Training and Technology Show - "Британдық білім беру және технологиялар көрмесі") алаңына барған соң, осы сапардан түйген ойларымды бөлісуді жөн көрдім. Бұл – есеп беру де, көрген-білгенді жай тізбектеу де емес. Мен үшін бұл сапар Қазақстандағы университеттердің болашағына тікелей қатысты маңызды қорытындыларды айқындауға мүмкіндік берді.
Осындай деңгейдегі халықаралық алаңдар білім беру сапасына қойылатын талаптардың қалай өзгеріп жатқанын, университеттерді басқарудың жаңа тәсілдерін және ғылымның экономикадағы рөлін айқын көрсетеді. Ең бастысы — бұл байқауларды өзіміздің ұлттық күн тәртібімізбен, Ұлттық Құрылтайда айтылған басымдықтармен, мемлекеттің ұстанымымен салыстырғанда ғана олардың нақты практикалық мәні ашылады.
V Ұлттық Құрылтай отырысында Президент халықаралық ынтымақтастықты тұрақты дамудың практикалық қажеттілігі ретінде атап өтті. Жоғары білім саласында бұл «бір реттік байланыстармен» шектелмей, жаһандық білім беру және технологиялық күн тәртібінде жүйелі түрде болуды білдіреді. Өйткені стандарттар, шешімдер мен бәсеке ережелері дәл сол алаңдарда қалыптасады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық Құрылтайдың секциялық отырысында маңызды бір ойды нақты жеткізді: демографиялық өсім, технологиялық бәсеке және қоғамның әлеуметтік мобильділікке деген сұранысы бір нүктеде түйіседі. Ол — университеттердің сапасы мен ғылыми саясаттың тиімділігі.
Басқаша айтқанда, университеттер қолжетімділік тұрғысынан да, кадр даярлау сапасы тұрғысынан да, ғылым, технология және экономикамен байланыс тұрғысынан да ұлттық тұрақтылықтың түйінді элементіне айналып отыр.
Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту не үшін қажет?
Бұл артықшылық немесе мәртебе үшін емес, нақты 5 прагматикалық себепке байланысты.
Біріншіден, әлемдік стандарттар мен талаптарды қағаз жүзінде емес, «тірі» форматта көру үшін.
Халықаралық алаңдарда сапа жүйелері, цифрлық кампустар, деректерді басқару мен EdTech-инфрақұрылымның қалай жұмыс істейтіні нақты көрсетіледі. Бұл уақытты үнемдеп, қателік тәуекелін азайтады.
Екіншіден, университетті басқаруға технологияларды жедел енгізу үшін.
Қазіргі таңда тиімділік пен сапа деректерге, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіге тікелей тәуелді. Бұл — қосымша мүмкіндік емес, басқарушылық мәдениеттің жаңа деңгейі.
Үшіншіден, индустриямен серіктестікті нақты ережелер арқылы құру үшін.
Қазір ынтымақтастық «ниет туралы хатпен» шектелмейді. Ол пилоттық жобалар, енгізу, бірлескен зертханалар және қолданбалы жобалар, нарық сұранысына сай кадр даярлау сияқты нақты нәтижелерді талап етеді.
Төртіншіден, студенттер мен оқытушылар үшін бәсекеге қабілетті болу үшін.
Бәсеке күшейіп, әлеуметтік мобильділікке деген сұраныс артқан жағдайда, ұтатындар – оқудың түсінікті траекториясын, жоғары сапаны және заманауи құралдарды ұсына алатын университеттер.
Бесіншіден, ғылымды өңір экономикасына кіріктіру үшін.
Министрдің «Ғылым — экономиканың бір бөлігі» деген ұстанымы халықаралық тәжірибеде нақты іске асырылып отыр. Зерттеулер нақты секторға арналған шешімдерге айналуда.
BETT-тің маңыздылығы неде?
Bett UK 2026 21–23 қаңтар аралығында Лондонда өтіп, әлемдегі ең ірі EdTech алаңдарының бірі ретінде тағы да өз мәртебесін дәлелдеді. ExCeL London дерегіне сүйенсек, 120-дан астам елден 30 мыңнан аса қатысушы, жүздеген спикер және 600-ден астам экспонент жиналды.
Университеттер үшін BETT-тің басты құндылығы — оның «жинақтаушы алаң» болуында. Мұнда:
білім беру (педагогика, оқыту модельдері),
технология (платформалар, жасанды интеллект, аналитика),
индустрия (осы шешімдерді жасап, ауқымдайтын компаниялар)
бір жүйе ретінде ұсынылады.
1-қадам. EdTech: әлемдік деңгейдегі өзгерістер мен мүмкіндіктер
BETT-ке бару – жаһандық EdTech мүмкіндігін есептер мен презентациялар арқылы емес, «тірі», жұмыс форматында көруге жағдай жасайды. Мұнда бір мезгілде мемлекеттік реттеушілер, университеттер, технологиялық корпорациялар мен стартаптар ұсынылған, бұл қай шешімдер стандартқа айналғанын, ал қайсысы енді күн тәртібіне еніп жатқанын түсінуге жағдай жасайды. Маңыздысы – талқылаулар жекелеген өнімдер төңірегінде емес, сапаны басқару, цифрлық инфрақұрылым, деректер аналитикасы және білім беру үдерістеріндегі жасанды интеллекттің рөлі секілді жүйелік мәселелерді қамтиды. Бұл әлемдік жоғары білімнің нақты қай бағытқа бет алғанын тұтас көруге мүмкіндік береді.
2 қадам. Технологиялық көшбасшылармен тікелей диалог
Intel, Microsoft және Google компанияларымен өткен кездесулер ерекше маңызға ие болды. Бұл компаниялар ондаған жылдар бойы білім беру, ғылым және инфрақұрылымды цифрландыру логикасын қалыптастырып келеді. Мұндай диалогтың қазақстандық университеттер үшін маңыздылығы – оның қолданбалы сипатында. Әңгіме жалпы трендтер емес, цифрлық университеттің нақты архитектурасы, деректермен жұмыс істеу, технология енгізудің әсерін өлшеу сияқты практикалық мәселелер төңірегінде өрбіді.
Сонымен қатар оқытушылар мен басқарушы командаларға қойылатын жаңа цифрлық және аналитикалық талаптар айқын көрінді. Бұл даму жоспарларын әлемдік технологиялық көшбасшылардың нақты логикасымен салыстыруға мүмкіндік береді.
3 қадам. Университеттік модельдерді салыстыру
Бағдарлама аясында Buckinghamshire University және Imperial College London университеттерінде болдық. Олар ауқымы, профилі және басқару модельдері әртүрлі оқу орындары. Бұл «ең үздік тәжірибелерді» абстрактілі түрде емес, нақты институционалдық шешімдер ретінде көруге мүмкіндік берді. Мысалы, басқару қалай құрылған, стратегиялық шешімдер қалай қабылданады, академиялық орта, әкімшілік және серіктестер арасында рөлдер қалай бөлінеді т.с.с. Технологиялар мен сыртқы серіктестіктің күнделікті білім беру және зерттеу қызметіне қалай кіріктірілгеніне ерекше назар аударылды, яғни олар жеке жобалар ретінде ғана емес, жүйенің бір бөлігі ретінде жұмыс істейді. Мұндай салыстырмалы көзқарас өңірлік университеттер үшін аса маңызды, себебі ол қай элементтер әмбебап, ал қайсысы жергілікті контекстке бейімдеуді қажет ететінін түсінуге септігін тигізеді.
Бұл қазақстандық ЖОО үшін нені білдіреді?
Bett UK – әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген қатысушы мен серіктестер жиналатын алаң. 2026 жылы халықаралық брендтер мен серіктестер қатарында Microsoft worldwide partner ретінде аталады, ал экспоненттердің жалпы саны EdTech пен цифрлық инфрақұрылымның әртүрлі сегменттерін қамтитын 600-ден астам компанияны құрайды.
Бұл қазақстандық университеттер үшін бірнеше маңызды жайтты білдіреді.
Біріншіден, білім беру технологияларының жаһандық нарығы әлдеқашан қалыптасқан, негізгі шешімдердің өз көшбасшылары және үйлесімділік стандарттары бар.
Екіншіден, мұндай компаниялардың университеттік күн тәртібіне белсенді қатысуы бытыраңқы цифрлық құралдардан – оқыту, деректер және сапаны басқарудың тұтас экожүйелеріне ауысқандықты көрсетеді.
Үшіншіден, индустрия серіктес ретінде көбіне шешімдерді тез басқара алатын, сәтті тәжірибелерді масштабтайтын және нақты технологиялық сұраныстарға сай кадр даярлай алатын университеттерді таңдайды.
Бұдан қандай түйін жасауға болады?
2026 жыл жүйелілікке қойылатын талапты күшейтеді: университетке жеке-жеке жобалар жеткіліксіз, басқару, сапа, цифрлық құралдар, серіктестіктер, ғылым және кадрларды біріктіретін тұтас архитектура қажет.
Халықаралық алаңдар жол карталары, пилоттық жобалар, командаларды оқыту және үдерістерді қайта құру сынды нақты шешімдерге айналғанда ғана пайдалы болады.
Ең басты өлшем – қанша іс-шараға қатысқанымыз емес, сол іс-шаралардан кейін университеттің ішінде нақты не өзгеретіні.
Өңірлік университеттің ректоры ретінде мен үшін халықаралық ынтымақтастық — мәртебе емес. Бұл – өз шешімдеріміздің өміршеңдігін тексеретін тетік: білім беру модельдеріміз, басқару үдерістеріміз және ғылыми басымдықтарымыз уақыт пен экономиканың нақты талаптарына сай келе ме? 2026 жыл иллюзияға орын қалдырмайды: ол дәлдікті, жүйелілікті және ұзақ мерзімді шешімдер үшін жауапкершілік алуға дайын болуды талап етеді.
BETT деңгейіндегі халықаралық іс-шараларға қатысу университет дамуына салмақты әрі байыпты қарауға мүмкіндік береді. Біз қай жерде тұрғанымызды, әлемде қандай шешімдер жұмыс істеп жатқанын және университет өзгерістердің сырттай бақылаушысы емес, олардың белсенді қатысушысы болуы үшін қандай қадамдар жасау керектігін анық көреміз. Мен Shakarim University-дің міндеті – деректерге, серіктестіктерге және өңір мен елдің нақты қажеттіліктеріне сүйене отырып, дамуды саналы түрде құру деп білемін.
BETT тәжірибесі және оның Ұлттық Құрылтай айқындаған басымдықтармен үндестігі
BETT цифрлық білім беру мен университеттерді басқару саласында әлемнің қай деңгейде тұрғанын көрсетеді.
Intel, Microsoft, Google өкілдерімен кездесулер трендтерді практикалық арнаға бұруға мүмкіндік береді.
Бұл Ұлттық Құрылтайда белгіленген логикамен толық сәйкес келеді: демография, бәсеке және әлеуметтік мобильділік сапалы әрі тиімді университеттерді талап етеді.
Shakarim University үшін халықаралық ынтымақтастық — басқарушылық кемелдіктің құралы. Ол стандарттарды көруге, иллюзиясыз шешім қабылдауға, трансформацияны жеделдетуге және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді.