Жаңалықтар 20.03.2026 103

Наурыз нұры төгілген күн

Наурыз нұры төгілген күн

Наурыз мейрамы – Самарқанның көк тасы еріп, күн мен түннің теңесіп, тіршілік атаулы жанданып, табиғат қайта түлейтін шақ. Дала төсінде қой қоздап, бота боздап, тың тіршілік басталатын береке мен мерекенің айында халқымыз Ұлыстың ұлы күнін тойлаған. Осынау Ұлыс күнін атап өткен Шәкәрім университеті ғимаратының алаңы да ерекше бір жылылыққа, шаттық пен жаңғыруға толы күйге енді. «Digital Nauryz – 2026» жобасы аясында өткен «Төрлет, Наурыз!» мерекелік іс-шарасы – салт-дәстүрді дәріптеген, ұлттық құндылықтарды қастерлеп, мәдениет пен өнерді төрге оздырған тағылымды күн болды.

Көктемнің лебі сезіліп, табиғат түлеген шақта ұйымдастырылған мерекелік іс-шара Наурызды қарсы алу ғана емес, ұлттық құндылықтарды жаңа заман тілімен қайта жаңғыртудың айқын үлгісін көрсетті.

Мерекелік іс-шараны құттықтау сөзбен ашқан университет ректоры Думан Орынбеков:

«Мемлекет басшысының бастамасымен атаулы мерекені “Наурызнама” форматында онкүндік етіп тойлап жатқанымызға, міне, үшінші жыл. Бұл жаңашылдық мерекенің мазмұнын байытып, оның тәрбиелік және рухани мәнін тереңдете түсті.

Биылғы Наурыздың тағы бір ерекшелігі – “Цифрландыру және жасанды интеллект жылы” аясында мейрамның ерекше, цифрлық Digital Nauryz форматында атап өтілуі. Шын мәнінде, инновациялар экожүйесі саналатын университет ретінде біз қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші болуға, жасанды интеллект технологияларын күнделікті өмірге, ғылым мен білімге батыл енгізуге тиіспіз. Жаңа жылдың осылай басталуы бізге жаһандық технологиялық өзгерістерді ұғынуға, дәстүр мен инновацияны үйлесімді ұштастыруға зор мүмкіндік береді. Осы ұлттық мерекеміздің жалпыхалықтық сипаты қалыптасуына бәріміз үлесімізді қосуымыз керек», – деді.

Мерекелік салтанатта алдымен аластау рәсімі жасалып, Ұлыстың ұлы күнінің негізгі нақыштарының бірі – Қыдыр ата батасын берді. Іс-шара ары қарай жыршылардың жарапазанымен, ақындардың арнауымен жалғасын тапты. Ұлттық сән көрсетілімі қазақы нақыштың әсемдігін айшықтаса, ән мен күйдің әуезі көпшіліктің көңілін тербеп, рухын көтерді.

Дәстүрге сай, қасиетті жеті санын арқау етіп, университет алаңына киіз үйлер тігілді. Бұл – біздің дәстүрімізге, тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызға деген құрметтің белгісі. Мерекелік алаңда тігілген жеті бірдей киіз үй тұтас бір рухани кеңістікті қалыптастырды. «Ұлы дала», «Киелі орда», «Береке», «Ынтымақ», «Шаңырақ» және студенттердің «JAS NOMAD» жастар ауылы «Қыз ұзату», «Бесікке салу», «Тұсаукесер» көріністерін көрсетіп, халқымыздың тұрмыс-салтында қалыптасқан игі дәстүрлерді тағы бір жаңғыртты. Әр ауылда ақ дастархан жайылып, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды.

Сәні мен салтанаты келіскен алаңға Алғыр атты қыран құсымен келген бүркітші Талғат Әлібаев та мерекенің сәнін келтіріп, ұлттық өнердің көркін аша түсті. Екі жасар тірнек келушілердің ерекше ықыласына бөленіп, қазақтың саятшылық дәстүрінің қадір-қасиетін паш етті.

Шәкәрім жоғары колледжінің студенттері ұйымдастырған «Ынтымақ күні» флешмобы мерекенің мазмұнын тереңдете түсіп, бірлік пен татулықтың жарқын символына айналды.

Алаңның әр тұсында қызу тартысқа толы ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар өтті. Футбол алаңдарында мергендер садақ атудан бақ сынаса, асық ату, ләңгі тебу, қол күресі, гір тасын көтеру де тартысты өтті. Корнхол мен «сағат тілі» ойындары көпшілікті қызыққа бөледі. Университет қызметкерлері арасында өткен Қой көтеру сайысында ешкімге дес бермеген Елдос Мұхаметов жеңімпаз атанды.

Биылғы думанның басты ерекшелігі – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерінің кеңінен қолданылуы. Дәстүрлі құндылықтарды жастарға заманауи цифрлық тілде жеткізу үшін жасанды интеллект элементтері белсенді қолданылды. Осы ретте ұлттық мерекені жаңғыртқан ерекше жаңалықтың бірі – AI-Sha маскоты болды.

Шәкәрім университеті «Digital Nauryz – 2026» жобасы аясындағы «Наурызнама» онкүндігіне орай тұжырымдаманың бет-бейнесі ретінде есімі қазақтың дәстүрлі есімімен үндес AI-Sha (AI – жасанды интеллект, Sha – Шәкәрім) маскотын іске қосқан болатын. Қазақы болмысты заманауи сипатпен ұштастырған бұл цифрлық бейне жаңа форматтағы Наурыздың символына айналды.

Бұл бастама Мемлекет басшысы жариялаған "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" аясында жүзеге асырылып, мерекеге тың серпін берді.

Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар алдағы үш күнде де өз жалғасын табатын болады.

Наурыз нұры төгілген күн
Наурыз нұры төгілген күн
Наурыз нұры төгілген күн
Наурыз нұры төгілген күн
Наурыз нұры төгілген күн
Наурыз нұры төгілген күн
Наурыз нұры төгілген күн
Наурыз нұры төгілген күн
Наурыз нұры төгілген күн
Наурыз нұры төгілген күн
Наурыз нұры төгілген күн
Наурыз нұры төгілген күн
Наурыз нұры төгілген күн
Наурыз нұры төгілген күн
Наурыз нұры төгілген күн

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру