Ұлттық дәстүр мен таным тоғысқан «Наурыз Kuiz»
Шәкәрім университетінде «Digital Nauryz – 2026» жобасы аясында өтіп жатқан «Наурызнама» онкүндігінің мерекелік іс-шаралары жалғасуда. Бүгін онкүндік шеңберіндегі «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күніне орай студенттер арасында «Наурыз Kuiz» зияткерлік сайысы ұйымдастырылды.
Танымдық әрі мазмұнды іс-шара Тамақ технологиясы кафедрасы, Биоинженерлік жүйелер кафедрасы, Техникалық физика және жылу энергетика кафедрасы, Химия және экология кафедрасы және Студенттік парламенттің ұйымдастыруымен өтті. Сайысқа барлығы 8 команда қатысты. Ойын қатысушылардың білім деңгейлерін, тапқырлықтары мен командалық бірліктерін айқындауға бағытталды. Сонымен қатар, ойыншылар халқымыздың бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатқан және уақыт өте ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы тың мәліметтермен танысты.
Айта кету керек, биыл Наурыз мерекесін цифрлық форматта атап өту бастамасы қолға алынған. Осы орайда Шәкәрім университетінде ұйымдастырылып жатқан Наурызнама онкүндігі ұлттық мәдениетті, ұлтымыздың рухани байлығы мен болмысын айқындайтын асыл қазына ретінде дәріптеуге бағытталған.
Іс-шараны ашқан Жастарды әлеуметтік қолдау және дамыту орталығының басшысы Арайлым Оразғалиева қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық құндылықтардың маңызына ерекше тоқталды.
– Біздің салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, халқымыздың бірлігі мен даналығын айқындап келеді. Бүгінгі «Наурыз Kuiz» ойыны – соның жарқын дәлелі. Ұлттық құндылықтарымыз сіздердің арқаларыңызда жаңғырып, өскелең ұрпақтың бойында рух пен елге деген сүйіспеншілікті қалыптастырады деген сенімдеміз,- деді ол.
Зияткерлік сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. «Сәтті қадам», «Алтыбақан», «Көктем шақырады», «Жаңғырған дәстүр», «Аударыспақ», «Алшы» секілді кезеңдердің әрқайсысы түрлі деңгейдегі тапсырмалармен ерекшеленді. Қатысушылар жұмбақтар шешіп, салт-дәстүрлерге қатысты сұрақтарға жауап беріп, ұлттық ойындар, ән мен күй, сондай-ақ кино тақырыптарын қамтыған тапсырмаларды орындады.
Тартысты әрі қызықты өткен «Наурыз Kuiz» ойынының қорытындысы бойынша STEM -білім беру жоғары мектебінің «Ай, қап!» командасы жеңімпаз деп танылды. 2 орынды «Шың» командасы (Спорт және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі), 3 орынды «Ұлағатты ұстаздар» командасы (Білім беру жоғары мектебі) еншіледі.
Жүлдегер командалар арнайы марапаттарға ие болды.